Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуде Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру міндеттерінің маңыздылығын атап өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға байланысты қаланың зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев "Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында пандемия кезіндегі және одан кейінгі кезеңдегі жаңа жағдайда мемлекетіміздің дамуы туралы пайымдайды. Ел ахуалына егжей-тегжейлі талдау жасаған дәстүрлі Жолдаудың түйінінде ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға өзгеше сипат, зор серпін берілген" деп атап өтті.
"Бұл экономиканы ынталандыруға арналған ауқымды пакет. Жаңа сын-қатерлерге орай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Әлеуметтік рухани бағдар алу. Мемлекет басшысы тұжырымдағандай, "Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады". Сондықтан Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру міндеттері өте маңызды.
Бүгін біздің әңгімеміздің ұлт руханиятынан, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дұрыс тәрбиелеу мәселесінен басталғаны өте орынды. Алматының зиялылары қазіргі кезеңде рухани дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру бойынша өте ұқыпты әрі елеулі жұмысты қалай дұрыс құру туралы өз пайымдауларымен бөлісетініне сенімдімін. Бұл ретте Жолдауда Мемлекет басшысы "қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» деп қашан да ел айнасының өлшемі, бағыт-бағдары болып табылатын зиялы қауымның міндетін тайға таңба басқандай анық көрсеткен.
Шынында да, әлемнің өзгергенін көріп отырмыз. Қазіргі кезең – өзгерістер мен серпілістер, іргелі ізденістер кезеңі. Кез келген ұлтқа ұдайы жаңарып, жаңғырып отыру тән.
Алматы әкімдігінің пандемиядан түйгені – бұл ұлттың жаңа сапасы, оның бәсекеге қабілеттілігі мен интеллектуалдық әлеуеті, ең алдымен: денсаулық сақтау жүйесіне, білім беру, ауқымды цифрландыру арқылы инновацияға ашықтыққа, ұлттың уақыт талабына бейімделу қабілетіне және өткені, бүгінгісі мен болашағы үшін өзінің жоғары жауапкершілігін түсінуіне байланысты", - деді өз сөзінде Б.Сағынтаев.