Түркістан облысы Түлкібас ауданында көп жылдан бері қордаланған ағынды су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұл орайда 2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Ал биыл 13 су нысанының 7-уінде темір-бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 69,1 шақырым болатын "Құлый", "Танта", "Қызыл", "Боз", "Ұзын", "Бесқасқа", "Бала Құлан" магистралды каналдары 5064 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерді ағынды сумен қамтымақ. Күрделі жөндеу жүріп жатқан су нысандарын аралаған аудан әкімі Н.Байғұт мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты қарқындату мақсатында жұмысшылар санын көбейтіп, арнайы кесте құруды тапсырды.
Сонымен қатар жұмыстың сапалы болуын қадағалау мақсатында канал қабырғаларын бекітуге қойып жатқан темір-бетондардың лабораториялық сынамасын алып тұру қажеттігін ескертті. Мамандар темір-бетон инженерлік-құрылғылардан жасалған су нысандары аудан тұрғындарына кемінде 25 жыл қызмет ететінін айтуда.