Тәуелсіз мемлекетіміз үшін жастар мәселесі қашан да маңызды. Ел мен жердің ертеңгі иесі жас мамандар мен ауыл жастарына жан-жақты әлеуметтік жағдай туғызу күн тәртібінен түсіп көрген емес. Ауылға жас мамандардың көптеп баруын, ауыл жастарын тұрақтандырудың шараларын алуды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы назарда ұстап келеді. Мемлекет басшысы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында “Республикалық бюджетте зейнетақыларды үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап,ал шәкіртақы мен бюджеттегілердің еңбекақыларын 1 шілдеден бастап 25 пайызға өсіру қарастырылған. Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпіні шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Үкіметке осы қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын”, деген сөздері іс жүзіне асып отыр. Елбасы Жолдауын қолдап, оны халыққа жеткізуге атсалысып келе жатқан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы осыған байланысты жиын өткізіп, Нұрсұлтан Әбішұлының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сарабдал саясатының қайтарымдылығын әңгіме өзегіне айналдырды. Осы жиында сөз алған институттың шетел тілдері факультетінің студенттері Мәншүк Молдажанова мен Мәншүк Дүмбаева Елбасының жастарға жасап отырған әкелік қамқорлығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта сабақты жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатындықтарына, Жолдауда атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға өз білімдері мен қабілеттерін жұмсайтындықтарына сендірді. Ал төртінші курс студенті Әйгерім Қалниязова институт түлектерін “Дипломмен ауылға” бағдарламасын қолдауға шақырды. Осы жоғары оқу орнының студент жастары үндеу қабылдап, онда Елбасының жаңа, қуатты Қазақстанды құру жолындағы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді, шәкіртақыны, бюджеттегілердің еңбекақыларын 25 пайызға өсіргені үшін алғыс сезімдерін білдірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.