• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2020

Ерсары батырға кесене орнатылды

1619 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында XVIII ғасырдың ІІ жартысындағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы сардарларының бірі Ерсары батыр Бегетайұлына кесене орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округіндегі әулие Дәдем ата – Жұмағазы хазірет жерленген көне қорым бұған дейін-ақ Қазақстанның Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына енген қасиетті топырақ болатын. Соңғы жылдары осы қорымда сақталған араб жазулы құлпытастың бірі Сырым батыр заманында халқының азаттығы үшін қолына қару алып, атқа қонған ердің бірі Ерсары батыр Бегетайұлына қойылғандығы анықталды. Әйгілі Шолан батырдың шөбересі Ерсары батыр өз кезеңінде белгілі тұлға болған. Кіші жүздегі белді ру – байбақтының ту көтерген батыры, қазақ-орыс қатынасында есімі тарихи құжаттарда жиі қатталған тұлғаны Кіші жүздің билеушісі Шерғазы хан Айшуақұлы 1812 жылы тархан атағына да ұсынған екен.

– Ресей мен Қазақстан архивтерінде 1785-1813 жылдар арасында Ерсары батырдың өміріне қатысты деректер өте көп. Бұл құжаттарда Ерсары Бегетайұлының Жайық бойындағы казак-орыс бекіністеріне соққы бергендігі, Еділ бойындағы қалмақтарды ойсыратып, казак-орыстар мен қалмақтарды тұтқынға алғандығы жөнінде айтылады. Ерсары батыр Кіші жүздің саяси өмірінде болған оқиғалардың бел ортасында жүріп, 1790 жылы Кіші жүзде қазақ-орыс қарым-қатынасындағы негізгі мәселелер талқыланған қазақ старшындарының съезіне белсенді қатысқан, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин.

Ел ішінде Ерсарыға қатысты аңыз әңгімелер, ауыз әдебиеті үлгілері де сақталған. Соның бірінде былай дейді:

...Бір шайқаста ауыр жараланып, өлермен болған Ерсары батыр найзасын жерге тіреп тұрып, жанындағы бауыры Елтоқ батырға: "Мен өлсем, осы жерге жерлеңдер, топырағы бұйырып тұрған шығар", депті. Сонда Елтоқ батыр ағасын:

– Қайырлы болсын, Ерсеке-ау,

Найзаның кірген жарасы.

Алланың жазған тағдыры,

Болған іске не шара,

Аман-сау болғай арттағы –

Он екі ата Байұлы,

Сұлтансиық баласы! – деп жұбатқан көрінеді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым аудандары аумағында Ерсары батырға қатысты елдімекен, жер-су атаулары сақталған.

– Жалпы қазақтың тұтастығын ту етіп көтерген, елдің тәуелсіздік жолында қызмет еткен тарихи тұлғаларға, батыр бабаларға құрмет көрсету біз үшін өте маңызды іс. Соның бір айғағы – осы Ерсары батыр кесенесі. Өткен жылы аудан орталығында Ерсары батырдың өмірі мен тарихи қызметіне арналған конференция өткен болатын. Сол жиында айтылған мақсаттың бірі бүгін орындалып отыр. Және бір қуанарлығы, бұл жұмыстардың бәрі халықтың, батыр ұрпақтарының күшімен жасалды, бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. 2017 жылы Тұңғыш Президентіміздің бағдарламалық мақаласында көтерген "Рухани жаңғыру" бастамасын ел-жұрттың қолдап кеткенінің куәсі осы. Біздің Жымпиты топырағы күллі қазаққа белгілі Сырым Датұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы ғана емес, Бұлан би, Тайлақ батыр, батыр қыз Айдана, Есенгелді бай т.б. тарихи тұлғалар туған киелі өлке. Сондықтан еліміздің Жалпыұлттық киелі мекендері қатарына енген Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зиратының тарихы одан әрі тереңдеп, тағы бір ақтаңдақтың орны толғанына қуаныштымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта жалғаса беретін болады, – деді кесененің ашылу салтанатына арнайы келген Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов.

Биіктігі 7 метрлік ақшаңқан кесене маңғыстаулық ұлутастан көтерілген. Құрылысты Ерсары батыр атындағы қоғамдық қор жүргізген. Қор белсендісі Нұрлан Ермұхановтың айтуынша, құрылысқа 8 млн теңгедей қаржы жұмсалыпты. Болашақта қоғамдық қор өлкетануға қатысты тарихи ізденістерді қаржыландырып, қайырымдылықпен де шұғылданбақ екен.