• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2020

Аңшылық маусымы басталды

900 рет
көрсетілді

Павлодар облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 491 адам анықталып әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 42 адамға 7 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 3 млн теңге өндірілді.

Өңірде 5 қыркүйектен бастап күзгі аңшы­лық маусымы басталды. Бекітілген аңшылық алқап­тарында аң аулаудың күзгі маусымы 30 қара­шаға дейін жалғасады. Жалпы, аумақтық инс­пекцияның мәліметінше, үйрек, қаз, шіл, шал­шықты бөдене, көгершін құстарын аулауға 5 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, борсық пен қабан аулауға 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымы 1 қа­рашадан 15 ақпанға дейін, сібір елігін 20 қыр­­күйектен 31 желтоқсанға дейін алуға рұқсат беріледі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2020 жылғы 5 маусымдағы бұйрығына сәйкес, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңде өңірде сібір елігі, қабан, суыр, су тышқаны, түл­кі, қарсақ, борсық, қаз, үйрек алуға арнайы ли­мит­тер бекітіліпті.

Қазір өңірде сүтқоректілердің 20 түрі және құстардың 60 түрі мекендейді. Қабан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, дала сасықкүзені, борсық, суыр, су тышқаны, үйрек, қаз, қасқалдақ, шіл, құр, бөдене аулауда аңшылық жолдамада көрсетілген жануарлардың санына ғана рұқсат беріледі. Әрине әр нәрсенің өлшемі бар. Табиғат байлығын қорғау, тыныш­тығын сақтау – міндет. Ережеге бағынбай, аң аулау тәртібін бұзушыларға жауапкершілік жүктеледі. Яғни, аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатнама, аңшылық ша­руашылығы нысанының жолдамасы, жеке аң­шылар үшін қару мен оқтарды сақтауға және алып жүруге рұқсатнама, жырт­қыш құстарды аулау кезінде төлқұжат бол­ғанда ғана аң аулауға рұқ­сат беріледі.

 Жалпы, облыстағы аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 9,8 млн гектарды құрайды. Өңір­де 38 аңшылық шаруашылық болса, 6 аң­шылық пайдаланушыға 33 аңшылық шаруа­шылығы бекітілген.

– Аң аулау үшін 33 аңшылық шаруашылығы ашық болады. Ал резервтік қордағы бекі­тіл­меген Ертіс, Бозшакөл, Жамбыл, Қызыл­жар, Май­қайың аталатын аңшылық шаруашы­лық­тарында аң аулауға рұқсат жоқ, – дейді инспекция басшысы Руслан Төлепбаев.

 

Павлодар облысы