Облыста бекем бірліктің арқасында берекелі күн кешіп жатқан барша ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетін өрістетуге, өңін жақсартып, өзегін нықтауға жанашырлық жасалуда. Осы орайда жергілікті ұлт тіліне, оның қолданылу аясының кеңеюіне қамқорлық жасалып отыр. Бұл туралы таяуда тіл апталығына байланысты өткізілген брифинг барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова баяндап берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпағанымыз жөн» деп атап көрсеткен болатын. Облыста тілдерді дамыту ісі тыңғылықты және нәтижелі жүргізілуде.
Алдымен мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді оқытуға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын айта кетуіміз керек. Бір кезде тыңның эпицентрі атанған өлкеде қазақ тілінің өрісін жайдырмай тұрған да осы жай болатын. Ұлт тілінің болашағына күмәнді ата-аналар перзенттерін орыс тілінде оқытуға құмар еді. Қазір беті бері қараған тәрізді. Айталық өңірдегі 610 мектепке дейінгі мекемеде 333 418 бала болса, олардың 63,3 пайызы мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие алуда. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, тәп-тәуір жақсы көрсеткіш. Биылғы оқу жылында 132 000-дай оқушы білім ошағының табалдырығын аттады. Қақ жартысына жуығы қазақ сыныптарында оқымақ. Біздің өңір үшін бұл да жетістік санатында.
Жас қайыңдай желкілдеп өсіп келе жатқан балалардың жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие алуы осы орайдағы сенімді нығайта түседі. Сондай-ақ ересектер де тіл сындырып, тіл қажеттілігін сезінуде. Оларға тіл үйрену үшін ауқымды көмек көрсетілуде. Мәселен, облыста 19 орталық жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 4435 тыңдаушы арнайы курсты аяқтады. Оның ішінде мемлекеттік тілді 227 топта 3005 тыңдаушы оқып, 1075-і сертификат иеленді. Өзге тілдердің өрісін жаю да ұмыт қалған жоқ. Айталық, ағылшын тілін үйрететін 87 топты 514 тыңдаушы аяқтап, оның 471-і сертификат алды. Өңірде латын графикасын үйренуге деген ынта зор. Арнайы үйрету курстарында оқыған 916 тыңдаушыға сертификат берілді. Облыс халқының ересек тұрғындарының 70 пайызға жуығы латын графикасы жайында бай мағлұмат алу мүмкіндігіне ие болды. Атқарылып жатқан бұл іс-шаралар әлеуметтік желіде жан-жақты насихатталды.
– Ұлт ұлыларының ұлағатын ұқтыру парыз, – дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, – «Біз Абай жолындамыз» жобасы ел назарын аударған игілікті шара болды. Роман эпопеяның бірінші томы бойынша эсселердің тақырыбын анықтау жұмысын жасадық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта әзірленген «Қаламгер қазынасы» жобасының 20 кітабының электронды нұсқасының қайта тексеру жұмыстары жүргізілді. Фейсбук, инстраграм арқылы оқытушылардың жүзден астам шығармашылық, ақпараттық-танымдық бейнебаяндары жарияланды.
Ұлы хакімнің шығармашылығымен қатар, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған бірқатар мазмұнды іс-шаралар қолға алынған. Соның ішінде «Рухани мәдениет мәйегі» айдарымен 27 бейнематериал жарияланып, оны мыңдаған адамдар көріп шыққан. Оған қоса, «Әлемнің екінші ұстазы – әл-Фараби», «Шығыс ойшылы – Әбу Насыр әл-Фараби» тақырыптарында қашықтан оқыту сабақтары да жарияланды.
Өзге де бірқатар ұлт мұратын қаузайтын тағылымды тақырып аясында бейнематериалдар дайындалғанын айта кетсек, артық болмайды.
Ономастика мәселесі – күйіп тұрған тақырыптың бірі. Облыста әкімшілік-аумақтық бірліктерге мұқият мониторинг жүргізіліпті. Талдау барысында 77 ауылдық округтің, 228 елді мекен мен 491 көшенің атаулары идеологиялық тұрғыдан ескіргендігі анықталған. Қазіргі күні облыстың топонимикасын зерттеу мәселелері арнайы жоба арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба аясында елді мекендердің ежелгі тарихи атаулары екшелуде.
«Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңнамаларын орындау мақсатында алғашқы жартыжылдықта 43 мемлекеттік мекемеде профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 15 мекемеде осындай жұмыстар жүргізіліп, заңның 8, 9, 10 баптары бұзылғаны анықталып отыр. Алдағы уақытта бұл іс жалғасын табатын болады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жыл басынан бері түрлі тақырыптарда жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мәселен, облыстық сот ұжымымен бірлесе отырып, «Мемлекеттік тілдің облысымыздағы сот төрелігі саласындағы кеңістіктері мен кедергілері» тақырыбында мазмұнды конференция өткізді. Ақкөл ауданында «Жаңа нұсқа – жаңаша көзқарас» деп аталатын өңірлік семинар ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда «Сауатты жарнама», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Қазақ тілі – бабамның тілі, баламның тілі», «Тіл – ұлттың тұғыры» облыстық онлайн конкурстарын өткізу жұмыстары қолға алынды. Ұлттық домбыра және елорда күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіл туралы айтқан қанатты сөздері әлеуметтік желілерде жарияланды.
Облыста «Шаңырақ» ана тілін оқыту мектебі жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектепке ата-аналардың өтініші бойынша 6-18 жас аралығындағы 224 оқушы қабылданды. 9 тілді оқыту бойынша 18 топ құрылды. Оқыту екі топта, бастауыш және жалғастырушы болып тегін жүргізіледі. Білім беру процесіне 9 оқытушы қатысады. Олардың барлығы жоғары білімді.
Ондаған ұлт өкілдері тұрып жатқан облыс өңірінде сұраныс та әрқилы. Мәселен, Бурабай ауданында тілек білдірушілердің көптігіне орай неміс тілі курстары жүргізілсе, Сандықтау ауданында неміс және чешен тілін оқытатын курстар бар. Ал Степногор қаласы мен Жарқайың аудандарында өзге этнос өкілдеріне қазақ тілі курстары ұйымдастырылған.
Сан ұлттың өкілі ырысты ынтымақпен, бауырмалдылықпен күн кешіп жатқан өңірдегі әр ұлттың тілі мен дәстүріне, ұлттық мәдениетіне айрықша қамқорлық жасалып, жанашырлық көрсетілуде. Өйткені тіл – достықтың дәнекері.
Ақмола облысы