• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2020

Зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алғандар 10% салық төлейді

820 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар мерзімінен бұрын шешіп алған зейнетақы сомасына 10% мөлшерінде салық төлейтін болады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинағынан беретін төлемдерге жеке табыс салығы салынады (Салық кодексінің 326-бабы).

"Бұл ретте, жеке тұлғалар ең төменгі 1 жалақы мөлшеріндегі (42 500 теңге) салықтық шегерімді қолдану арқылы салық салынатын соманы азайтуға құқылы. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары (ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, барлық топтағы мүгедектер, мүгедектердің ата-аналары мен қамқоршылары, жетім балаларды асырауына алған ата-аналар) тағы қосымша 882 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778 теңге) мөлшерінде шегерім қолдануға құқылы. Бұл - 2,3 млн теңгені құрайды (Салық кодексінің 345, 346, 353-баптары). Тиісінше, көрсетілген шегерімдерді ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы ақшасынан ішінара алынатын сомаларға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады", деді комитет қызметкерлері.

Еске салайық, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын ішінара шешіп алуға болатынын айтқан еді. Осы ретте, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарын пайдаланудың "жеткіліктілік шегін" жариялады.

Яғни 20-59 (және одан жоғары) жастағы азаматтар «жеткіліктілік шегінен» асыра жинаған зейнетақы сомасын шешіп ала алады. Ол ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға , емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беруге жұмсауға болады. Егер мақсатты пайдалануға қажет болса, отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.