Ақтөбе облысында коронавирус індетімен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің жалақысы кешіктіріліп жатыр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияровтың айтуынша, жалақының кешіктірілуі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының көрсетілген медициналық көмек үшін тарифтерді қайта есептеуімен байланысты.
"Пандемия кезінде ауруханалар провизорлық стационарға айналды. Ал медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясы және өкпе қабынуы дертімен күреске жұмылдырылды. Өмірін қауіпке тіккені үшін қосымша ақы қарастырылған болатын. Пандемияны ешкім күткен жоқ, сондықтан жоспардан тыс тағы қосымша ақша жұмсауға тура келді. Сонымен бірге қызметкерлердің негізгі жұмысының жалақысы сақталды, үстіне қосымша төленді. Әрі медициналық сақтандыру қоры тарифті қайта қарады. Мұның бәрі жалақының кешігуіне себеп болды. Бүгінде маусым және шілде айының төлемі берілді. Бірер күнде тамыз айының еңбекақысы аударылады. Бұл тек бірнеше аурухана қызметкеріне қатысты мәселе. Ақтөбе медициналық орталығының ересектер және балалар клиникасы, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы бар. Соңғысы берешекті толық өтеді", деді Самат Данияров.
Облыста індетпен күрес жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Шілде айында қаржының барлығы жұмсалған.
"Қосымша қаржыландыруды күтпей біз қордан 1 миллиард теңгеден астам қаржыны бөліп, қарызға бердік. Қазіргі уақытта бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржыны бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірер күнде тамыз айының жалақысын төлеу жоспарда бар. Техникалық қиындықтар да болды. Министрлік көмегімен шешіліп жатыр", деді "Міндетті әлеуметтік медициналық қоры" АОФ директоры Батырбек Нұрғалиев.