Облыс орталығындағы Балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығындағы жасыл орманды аумаққа, түрлі гүлдер өскен, көкөніс толы бақты көріп, таңқалдық. Табиғатпен үндескен осы бір ғажап көрініс қоршаған ортаны аялауға шақырып тұрғандай.
Орталықта ботаникалық бақ және жылыжай кешені жұмыс істейді. Бізді жылыжай иесі Ахметуәлі Рашидұлы қарсы алды. Күніне сабақтан тыс уақытта 150-ге жуық оқушы келеді екен. Қазір індеттің таралуына байланысты ботаникалық баққа, жылыжайға келу уақытша тоқтап тұр.Өсімдікке өздері қамқорлық жасап, өсіріп, баптау арқылы балалар еңбектің де қадірін түсінеді, таза ауамен де тыныстайды.
– Балалар да жылыжайда өсетін әрбір өсімдікті жатқа біледі. Өсімдікті ғана емес, олардың қайсысының жаңа жапырағы, өнімі өніп келе жатқанына дейін бізбен бірге бақылап жүреді. Өсімдіктер күтіп, баптауды, аялы алақанды, жылы мейірімді қажет етеді. Болашақ табиғат жанашырлары көбейе түссе екен дейміз, біздің орталықтың басты мақсаты да – осы, – дейді жылыжай иесі.
Ал жасыл желегі жайқалған жылыжайдың ішінде киви, авакадо, кофе дәнін беретін ағаштар, басқа да өсімдіктер, үй, дала гүлдерінің небір түрлері жайқалады. Ерекше дизайндық сән беріп лавр ағашы тұр. Көрер көзге тартымды, жапырақтары сүйріктей ұзын, жіңішке әсем драцена. Түрлі фикустар, қайырымды кливия, інжір, пальма, гранат жемісі, лавр, лимон сияқты тропикалық өсімдіктер, биік болып бойлаған алып кактустарды көресіз. Фикус талының отаны – Филиппин, Қытай, Аустралия,Үндістан. Егер далалық жерге ексеңіз, фикус 20 метрге жетеді. Фикус өзіне көп көңіл бөлгенді қалайды.
Сіз мұнда өзіңізді жылыжайда емес, тылсымға толы нағыз джунглиде жүргендей сезінесіз. Ауасы да ерекше. Ахметуәлі Рашидұлының айтуынша, жылыжайда экзотикалық өсімдіктердің 200-ге жуық түрі өсіріледі.
Биолог мамандардың бақылауымен орталыққа тұрақты келетін балалар сабақтан тыс уақытта осында тропикалық өсімдіктерді отырғызып, оны күтіп баптайды. Көктем кезінде қияр, қызанақ егуге қатысады.
Міне, біз кофе ағашын көріп тұрмыз. Жыл бойы гүлдеп, дән береді. Бір ерекшелігі – қасына көршілес қонған гүлдерді, талдарды жақтырмай, жалғыз өскенді қалайды екен.
– Дәмін көріңдер, мынау піскен дәні, осыдан кофе жасайды. Өкінішке қарай, кофе жасау технологиясын білмейміз. Білсек, өндіріс ашуға болар еді, – дейді Ахметуәлі Рашидұлы.
Кофе дәнінің дәмін көрдік.
– Бұл тропикалық өсімдіктерді қалай жеткізесіздер? – дедік.
– Біздің орталық ұжымы, қызметкерлері басқа елдерге барғанда әкелеміз. Германияға, Ресейге көшіп кеткен дос-жарандар сыйлап, бізге жіберіп жатады. Бір қызығы, экзотикалық өсімдіктердің бәрі де біздің жеріміздің топырағына, ауа-райына үйренді, – деді жылыжай иесі.
– Кактусыңыз тым биіктеп барады екен!
– Жылыжайдың төбесін тесіп шыға ма деп өзім де қорқып тұрмын, көрдіңіз бе, діңі қандай үлкен!
Біз көрген Балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығындағы ботаникалық бақ пен жылыжай негізінде қалалық мектептер, балабақша тәрбиеленушілері, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттері арнайы экскурсияларға келеді.
ПАВЛОДАР