Республикадағы астықтың 66,4 пайызы жиналды. Маусымдық жұмысты бірінші болып Жамбыл облысы аяқтады. Жақын күндері оңтүстіктегі өзге де өңірлер жиын-терін жұмыстарын тәмамдамақ.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биылғы көктемгі егіс жұмыстары қатаң карантин режімінде өтті. Сондай-ақ жаз маусымында былтырғыдай қуаңшылық болды.
– Соған қарамастан, егіс науқаны уақтылы жүргізілді. Фермерлер сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен, техникамен қамтамасыз етілді. Қазір республиканың барлық өңірлерінде егін ору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Оңтүстік өңірде дәнді дақылдарды жинау аяқталып қалды, жұмыс 97-98 пайызға орындалды, – деді Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Маусымдық жұмыстарды бірінші болып тәмамдаған Жамбыл облысындағы өнімділік орташа есеппен гектарына 22 центнерді құрады. Жедел деректерге сүйенсек, республика бойынша жиналған 66,4 пайыз астықтың орташа өнімділігі – гектарына 11,7 центнер. Сонымен қатар бүгінге дейін 12,2 млн тонна астық бастырылған.
– Егін ору жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Орташа бағасы – литріне 167 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 10 пайызға төмен. Астық қабылдайтын лицензиялық кәсіпорындар сақадай сай. Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды. Бұл сыйымдылық өнімді сақтауға жеткілікті. Жедел деректерге сәйкес, бүгінде элеваторларға сақтау үшін 1,3 млн тонна астық түсті. Оның ішінде жұмсақ бидайдың 897 мың тоннасы сапалық көрсеткіштерге сай болып шықты, – деді бірінші вице-министр.
Еске сала кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 22,7 млн гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар алаңы – 15,8 млн гектар, майлы дақылдар – 2,9 млн гектар, азықтық дақылдар 3,3 млн гектар.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, биыл жиналатын астық ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін әдеттегідей экспортқа шығару жоспарлануда.
– Қазір нарықтағы трейдерлер астық бағасын асыға күтуде. Осыған дейін белсенділігі төмен болып келген нарыққа қайтадан қан жүгіре бастады. Министрлік астықты экспорттауға ешқандай шектеу қоюды қарастырып отырған жоқ. Жиын-терін жұмыстары былтырғы деңгейді көрсеткенін айттық. Сондықтан экспорттық әлеуетті назарда ұстайтын боламыз. Әдеттегідей Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран секілді дәстүрлі экспорттық нарықтар сақталады. Жалпы, Қазақстанның астығын әлемнің 40 шақты мемлекеті тұтынып отырғанын атап өткен абзал. Биылғы маркетингтік жылда, яғни 2020 жылдың шілдесі мен 2021 жылдың шілдесі аралығында 8 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырмыз, – деді А.Сапаров.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК басқарма төрағасы Қанат Қарауыловтың дерегінше, қазір корпорацияда 450 мың тонна астық бар. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көктем-жаз маусымында 516 мың тонна астық сатып алынды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. Осы орайда республиканың 370 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорны қаржыландырылғанын атап өткен жөн. Корпорация астықты сатып алу бағасын жиын-терін жұмыстары аяқталуға таяған кезде, яғни 7-10 күннен кейін жарияламақ. Жалпы, компания 1 млн тоннадан астам астық қорын жасақтауды көздеп отыр.
Бірінші вице-министр Ресейден астықты рұқсатсыз жеткізушілермен күрес жалғасатынын айтты. Жыл басынан бері аталған жағдай бойынша Қазақстан – Ресей шекараларының өткізу пункттерінде 2 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркеліп, 730 тонна астық шекарадан кері қайтарылған. Ал заңды түрде жеткізілген астық көлемі – 300 тонна.