Биыл көктемде Ресейдің Екатеринбург қаласында шахматтан ерлер арасында Үміткерлер турнирі өткен болатын. Алайда коронавирустың салдарынан ол нағыз қызған кезінде тоқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жағдай сәл түзеліп, шекаралар қайта ашылған тұста айтулы жарысты қайта жалғастыру жөнінде әңгімелер айтыла бастады. Осы мәртебелі турнирді қабылдауға бірнеше қала ниет білдірді. ФИДЕ мүшелерінің біразы мықтылар тартысын Тбилисиде ұйымдастырайық деген пікір білдірді. Алайда көпшілік дауыспен басымдық Екатеринбургке берілді. Енді айтулы жарыс 1 қарашада қайта жалғасатын болады.
Әзірге жеті тур артта қалды. Көш басында – ресейлік Ян Непомнящий мен франциялық Максим Вашье-Лаграв. Екеуінде де 4,5 ұпайдан бар. Одан кейінгі орындарда – Фабиано Каруана (Италия), Аниш Гири (Нидерланд), Александр Грищук (Ресей) – 3,5 ұпайдан және Дин Лижэнь (Қытай) мен Кирилл Алексеенко (Ресей) – 2,5 ұпайдан.
Үміткерлер турнирінде топ жарған шахматшы әлем чемпионы Магнус Карлсенмен шеберлік байқасу мүмкіндігіне ие болады. Норвегияның мақтанышы 2013 жылдан бері бұл атақты ешкімге бермей келеді.