• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қыркүйек, 2020

Алматы облысында мемлекеттік қызметтердің 82,9%-ы автоматтандырылды

181 рет
көрсетілді

Алматы облысы әкімдігі көрсететін мемлекеттік қызметтердің 82,9% автоматтандырылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 90%-ға жетеді, – деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, Алматы облысының аймақтық геоақпараттық жүйесінің іске қосылуының нәтижесінде 16 мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілген. Оның 10-ы жер қатынастары, қалған 6-ы сәулет және қала құрылысы салалары бойынша іске асырылған.

Бас жоспарларды, инженерлік желілерді облыстық маңызы бар қалаларда 100% цифрландыру жұмысы жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге, ал сәулет және құрылыс саласында 100 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, білім беру және спорт саласындағы 12 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 90%-ға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн режимінде ала алмайтын тұрғындар үшін облыс орталығында 53 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылды.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша ақысыз курстарды ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда облыстағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 83% құрайды. Биыл тағы 10 мың адамды оқыту жоспарлануда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 85 пайызға жетеді.