Осы аптада Назарбаев Университетінің жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және Сингапур ұлттық университеті Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі жүзеге асыратын «Жаңа формация көшбасшысы» бағдарламасының ресми онлайн ашылуы өтті.
Ашылу салтанатына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.
«Біз бәріміз VUCA әлемінде өмір сүреміз. Бұл ұғым неғұрлым құбылмалы, болжамсыз және белгісіз, күрделі және түсініксіз дегенді білдіреді. COVID-19 әлемі, сондай-ақ COVID-19-дан кейінгі болашақ көрінісі – VUCA әлемінің мысалы бола алады. Сценарийлік жоспарлаумен танысу және болашақты ойлау, сондай-ақ халықпен және Үкіметтегі әріптестерімен стратегиялық коммуникация құра білу, адамдарды біріктіру және түсіну үшін мінез-құлық түсініктері мен эмоционалды интеллектіні ілгерілету және дамыту өте маңызды. Осының бәрі табысты жоспарлау мен іске асыру арасындағы айырмашылықты анықтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, нәтижелер маңызды. Осы курс арқылы сіз елге қызмет ету үшін жаңадан уәждеме мен міндеттеме алатыныңызға толық сенімдімін», деп атап өтті Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, тренинг бағдарламасы «Жаһандық көзқарас», «Тиімді коммуникациялар» және «Трансформациялық көшбасшылық» сияқты үш негізгі құзыреттіліктер топтамасына бағытталған. Бұл – тиісті салада кешенді саясатты әзірлеу үшін, сондай-ақ мемлекеттік, үкіметтік бағдарламаларды және басқа да жобаларды орындау барысын реттеу мен бағалаудың, мемлекеттік аппараттың инновациялық, нәтижеге бағытталу, икемділік және прагматикалық қағидаттары бойынша тиімді ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі.
«Жаңа формация басшысы» бағдарламасын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алғаш рет жариялаған болатын. Елбасы Назарбаев Университетіне Мемлекеттік басқару академиясымен бірге саяси басқарушылар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған тренингтер өткізуді тапсырды.
Вице-министрлермен, облыстар, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарларымен, Президент Әкімшілігінің бөлім басшыларымен бірге Президент Әкімшілігінің жас кадрлар резервінен де мамандар оқитынын атап өткен жөн. 10 апта ішінде жоғары буындағы саяси мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты әзірлеудің негізгі салаларында дағдыларын арттыруға бағытталған тренингтерден өтеді, мемлекеттік басқарудағы соңғы үрдістер мен инновациялармен, сценарийлік жоспарлау мен перспективалық ойлаумен, мемлекеттік саясат шешімдерін қабылдаудағы стратегиялық коммуникациялармен және мінез-құлық инсайттарымен танысады.
Айта кетелік, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің қызметі – адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мамандар мен көшбасшыларды түбегейлі мемлекеттік саясат пен тиімді басқаруды түсіну мен жүзеге асыруға оқыту. 2012 жылы ашылған сәттен бастап аталған мектеп Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебімен сенімді стратегиялық әріптестікті қолдап келеді. Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің бағдарламалары мемлекеттік саясат саласындағы магистратураны, мемлекеттік басқару саласындағы магистратураны және мемлекеттік саясат саласындағы докторантураны қамтиды. 2019 жылы Назарбаев Университетінің бұл мектебі Мемлекеттік және муниципалды басқару саласындағы бағдарламаларды аккредиттеу бойынша Еуропалық қауымдастықтың (EAPAA) ресми аккредиттеуінен өтті.а