Ұлттық нейрохирургия орталығында ояу жатқан науқастың миына наркоз салмай операция жасалды.
Алматы облысының тұрғыны Еркінбек Башкеевті биыл наурыз айынан бастап бас айналу мен бас ауруы мазалай бастады. Бұл ми ісігінің алғашқы белгілері-тін. Бірақ Еркінбек гемоглобинінің әшейінде де түсіп кететініне балап, оған онша мән бермей жүре береді. Алайда біршама уақыт өткен соң, ол есінен танып қалады. Осыдан кейін үміт пен күдік астасқан талай зерттеулер жасалып, қорытынды диагноз да қойылды. Оңай емес, МРТ зерттеуі маңдайдың сол жақ конвекситальды бөлімінде ісіну барлығын, атап айтқанда оң жақ желке мен сол жақ самай бөлігінде 2 ұсақ ұқсас ісік ошақтары бар миішілік ісік белгілерін көрсетті.
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, ол осы кезде коронавирустық пневмониямен де ауырып шықты. Көрер жарық пен татар дәмнің таусылмайтын ишаратын осыдан да аңдауға болар, дегенмен ісіктің аты ісік. Күпті көңілден бір сәт кетпейтін уайым орнығып қалғандай.
Ұлттық нейрохирургия орталығында өткен консилиумда Еркінбектің ауру тарихы медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттарының қатысуымен әбден талқыланды. Консилиум пациенттің шағымдарын, аурудың анамнезін және пациенттің нейростатусын, сондай-ақ сол жақ париетальды маңдайда орналасқан ісіктің мөлшерін және оның мотор аймағына жақындығына мән берді. Екі ай бұрынғы коронавирустық пневмония ескеріліп, S8-сегменттің сегменттік ателектазымен асқынған, некроз белгілері бар оң жақ өкпенің C-r ілеспе аурулары назарға алынды. Ал бұл факторлар өкпені жасанды желдету аппаратын пайдалану кезінде ісіктен қан кетудің үлкен қаупін көрсететін. Не амал бар? Консилиум пациентті операцияға аса ыждаһаттылықпен дайындап, мұның ішінде медициналық көрсетілімдермен қатар психологиялық даярлық та бар, операцияны ауруды наркозбен ұйықтатып тастамай, ояу күйінде жасау керек, бастың ісігі бар жеріндегі және тамырішілік анестезиямен төбе аймағындағы ісікті алып тастау операциясын жасау қажет деген ұйғарым шығарды.
Орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Нұржан Рыскелдиевтің айтуынша, науқастың есін сақтай отырып жасалатын мұндай операцияларға дәрігерлер жиі бара бермейді, бірақ жыл сайын тек қана медициналық көрсеткіштер бойынша және мұқият дайындықтан кейін, басқа жолдар тиімсіз саналғанда осындай қадамдар жасалады екен. Әр түрлі мамандықтағы клиниканың көптеген дәрігерлері қосылып, қажеттік туғанда мұндай операция жасау практикада бар. Бірақ күнде атқарылатын шаруа емес. Өйткені бұл – қарапайым емес, нейрохирургтен зергерлік дәлдікке қоса, операция барысында анестезиологтардың, нейрофизиологтардың жоғары кәсібилігін қажетсінетін үйлесімділік пен үндестікті талап ететін өте жауапты дүние.
Операция жүріп жатыр. Еркінбектің санасы, бар ойы дәрігерлер қимылында. Олар да пациентпен сөйлесіп, сұрақтар қойып, мотор функциясының сақталуын қадағалауда. Аурумен арпалысқан шешуші кезеңдер. Мидағы ісікті алып тастау жүріп жатыр. Еркінбек болса сөйлеп, дәрігер сұрағына жауап беруде. Бұл – Еркінбектің бойға жабысқан дертті сылып алып тастап жатқан дәрігерлерге өзінше көмектесуі. Операцияға дайындық барысында дәрігерлер «сіздің ішкі ұстанымыңыз, ауруды жеңуге деген ерік күшіңіз бізге көмекке келеді» дегенді есте ұстағаны. Сұрақтарға жауап берген соң, операцияның қозғалыс функцияларына әсері қаншалықты екенін анықтағысы келген нейрохирург қол- аяғын қозғалтуды сұрады. Айтқандарын істеді, ми барлығын басқарып тұр. Өзі де қуанып қалды. Қанша дегенмен бастың ішіне, миды ұңғып операция жасау деген оңай ма? Қорқынышы сейілді. Дәрігерлердің жанын алып қалатынына, Жаратқаннан кетуге бұйрықтың келмегенін, үйіне барып, бала-шағасымен қауышатынын ойлады.
Сол жақ төбе аймағындағы краниотомия операциясы – ісіктің микрохирургиялық жолмен толық жойылуы шамамен екі сағатқа созылды. Бір-бірін айқын ұғынған кәсіби шеберліктері жоғары мамандар шоғыры операцияны сәтті өткізді. Науқас қазір өзін жақсы сезінеді және клиникадан үйіне шығуға дайындалу үстінде.
«Мен үшін бәрі сәтті болғанына өте қуаныштымын, осындай күрделі операцияға қарамастан, дәрігерлер ісікті толығымен алып тастады. Мен өз саласының мықты майталман мамандары жұмыс істейтін осы клиникаға келгеніме қуанамын. Менің туыстарым «Операция кезінде қорқып кеттің бе?» деп сұрайды. Бірақ іс жүзінде менде қобалжу, қорқыныш болған жоқ, керісінше жоғары кәсіп иелерінің қолында екеніме және маған осында көмек көрсетілетіндігіне сенімді болдым. Үйде мені сүйікті отбасым, әйелім және төрт балам күтуде. Нейрохирургия орталығының дәрігерлері мен қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін!» дейді Еркінбек Башкеев.
Операцияны Ұлттық орталықтың үздік мамандары жасады. Атап айтқанда Орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰҒО» АҚ профессоры Нұржан Рыскелдиев, «ҰҒО» АҚ профессоры Айдос Досқалиев, нейрохирург дәрігер Нұрзат Сығай, біліктілігі жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Раушан Тоқшекенова, біліктілігі жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Наталья Зудилина асқан шеберліктерін танытты.