• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2020

Дәстүрді бұлдау ма бұл?

570 рет
көрсетілді

«Алтын тақпадым» деп жатып кеп өкпеледі орта бойлы ке­лін­шек. Шамасы әулеттің «генерал» келіндерінің бірі болуы керек. Аш бүйірін таянған қалпы табан астынан бәле іздеуге бейіл тұр. Жаңа құдалардың алып кел­ген кәдесыйынан күміс қана бұйыр­ғанына бүйі тигендей бүріс­ті де қалды. Өрісім кеңейеді емес, ұят­тан өлдім-ау деген әнтек ой­дың жетегіне еріп, әбігерге түсуде. Аға­йынның алдында азар да бе­зер. Өлтірісін өндіріп әкелмеген бола­шақ құдалардың қылығына күйіп-пісіп барады.

Қарақаттай қыздың қалыңмалын сырттан сынап тұрған абысын-ажынның біз де сыбағалы болатын шығармыз деген мінәйі мінезі, көрші-қолаңның күндесше күңкілі мен күбірі, жақын-жұрағаттың кірпідей жиырыла қалуы өз алдына бөлек жосын. Әркім әр нәрседен бір дәметіп, тоғышардай топталып, тілдеп, тіміскілеп тісін батыруда. Араны ашылған ағайынның әбестігін аңдаған су жаңа құдалардың да сөзі сұйылған. Болмашыға бордай тозып, балағаттай жөнелген жамағаттың алдында белге соққан жыландай тұрып қалды. Жинап, сыйлап әкелген дүниең жұмырымызға жұғын болмады, шығып кетер жол әне дегендей, кердеңдеген жүзі суық кісілердің жүрегінің қаттылығына қайран. Бұрымдысының бағы ашылып, барған жеріне тастай батып, судай сіңуіне тілек білдіргеннің орнына киіз кеуделеніп, кесім айтып, кешірімін алмай күсталануы көңілдеріне көлеңке ұялатты. Екі ортада бір-бірін сүйе қо­сылған екі жастың сезімін табалап, бүгініне бүлік салғаны жандарына бат­ты-ау, сірә. Баласының бақытын ойлап олар үнсіз. Ескі жоралғыны ағаш атқа мінгізбей, аз да болса көптей көруін өтінген жігіт жақ ілтипатпен ізет білдіріп әлек.

Кілем үстіне жайылған жаңа құда­лардың жөн-жоралғысы анау айтқандай жаман да емес. Алыстан бақылап тұрған біз соншама таяқ астына алардай мәселе көрмедік, тіпті. Тек адамдардың ниетінің бұзылғаны мен қанағатының қағанағынан қағынғанын ұяттың үлкеніне балап тұрмыз. Ат-шапан айыбына ат мінгізді, сандық толы сыйын берді, алтынмен аптады, күміспен күптеді. Одан артық не керек?!

Әлімсақтан келе жатқан ата дәстүрді аяққа таптаған жоқ. Көрпесіне қарай көсілді. Әдет-ғұрпымыздың әдепкі ады­мын жасады. Алдын кесіп өтпеді. Ақиқатын айтты. Иіліп жастық, жайы­лып көрпе болды. Тектіліктен түрен тартты. Жібек орамал жапты. Ақманар шапан кигізді. Ағайынды бөле-жармады. Алысын аңдатты, жақынын жарылқады. Шетқақпайламай, шама-шарқынша үлкенінің де, кішісінің де көңілін аулап, құрқол қалдырмады. «Біз­дің қыздың үш дипломы бар», деді долдана, буырқа­на сөйлеген қатын-қалаш. – «Жұ­мысын­да беделді. Қы­зығып, үй торуылдап жүр­гендер көп. Жібі түзу жігіт табылады. Қа­лыңмалын қатырып әкелем дегендер де аз емес. «Тең-теңімен, тезек қа­бы­мен» деген. Біз азсынып отыр­мыз», – деп шымшып сөйледі.

Құда мен құдағи қызарақтап, сасып қалды. Не болар екен деп біз де қобалжи бастадық. Достық рәуішпен ымыраға жүгінуін тіледік. Қайта құдай оңдап, қария килікті араға. Істің насырға ша­уып бара жатқанын аңдаса керек. Ақсақал ағайынға басу айтып, көргенсіздік көр­сетпеуін сұрады. Екі жастың ортасына есі кеткен түседі деп ес­кертті елге. Арғы елмен бергі бұ­қараға көпір болған екі жастың ыс­тық махаббатын суытпай, дүбәра дү­ние­ге құнықпай, ертеңіне елші болар ұлағатты лебіз білдіруін, берекеге бас­ұйытқы болуын тіледі. Содан кейін қыз жақтағылар қыңыр мінезін қысқартып, сабырға келіп, әңгімесін ары жалғады. «Уһ» деп бір тыныстадық сол мезетте. Досымыздың маңдайынан аққан ащы тер енді құрғай бастағандай болды.

Қазақтың ниеті бұзылғаны ма? Әлде салт-дәстүрдің сорабы ма бұл? Осы екі сұрақ өз иіріміне тарта берді сол сәтте. Дәстүріміздің даңқты дәуірі артта қалса да, жамандыққа қимайды екенсің. Өз қазағыңа тағы да оқ ата алмайсың. Заман құбылған сайын, пенденің пәруайым пейілі де тарылып бара жатқан сияқты. Бұған не дейсіз, алдияр оқырман?