«Нұр Отан» партиясы өзінің дамуында жаңа кезеңге аяқ басты. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съе¬зіне небәрі 400-ақ делегат қатысқан екен. Ал енді аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып партияға айналды. Партияның XV съезін тарихи оқиға деуге болады. Съезде қабылданған жаңа Саяси доктрина «Нұр Отан» партиясының құндылықтар бағдарын белгілеуге, партияның алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға арналған. Құнды құжаттың партияның өмір сүру идеологиясы ғана емес, ол сонымен қатар, азаматтарымыздың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыруға негіз қалайтыны анық.
«Нұр Отан» партиясы өзінің дамуында жаңа кезеңге аяқ басты. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съе¬зіне небәрі 400-ақ делегат қатысқан екен. Ал енді аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып партияға айналды. Партияның XV съезін тарихи оқиға деуге болады. Съезде қабылданған жаңа Саяси доктрина «Нұр Отан» партиясының құндылықтар бағдарын белгілеуге, партияның алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға арналған. Құнды құжаттың партияның өмір сүру идеологиясы ғана емес, ол сонымен қатар, азаматтарымыздың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыруға негіз қалайтыны анық.
Партия Доктринасының арқауы мен өзегі – ел азаматтарының өмірін сапалы жақсартуға ұмтылып қана қоймай, оны қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы әлеуметтік келеңсіздіктерге бой алдырмай қамтамасыз етуге дайын болу. Басты құжатта басты игілік – еліміздің Тәуелсіздігі, ал саяси мұрат, өнеге тұтарлық тұлға – халықтың мызғымас бірлігі мен елдің табысты дамуының кепілі ретінде Елбасы танылған. Доктринада белгіленген жеті басымдықта жалпы табысқа қол жеткізу бойынша партия қызметінің негізгі бағыттары шоғырландырылып көрсетілген: Бірлік пен келісім, Төл мәдениет және руханият, Мықты экономика, Әділ әлеуметтік саясат, Зиялы ұлт, Тиімді мемлекеттік басқару, Әлемге ашық Қазақстан.
Бұл құндылықтар – Елбасының ұстанған мемлекеттік бағыты. Оларды жүзеге асыру Қазақстанның өркендеуіне алып келуде. Доктрина Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық қоғамның қалыптасқан басты құндылықтары мен идеалдары – еркіндікті, қоғамдық келісімді, әділдікті, заңның салтанат құруын, отбасы мен дәстүрді, болашаққа деген ұмтылысты бекітуге бағытталған. Доктринаның жоғары құндылықтары адам, оның құқықтары мен бостандығы деп белгіленген. Өз қызметінде біздің партиямыз адамның ар-намысына қол сұқпау қағидатын, әркімнің жеке тұлға ретінде дамуын, сонымен қатар, халық алдындағы жауапкершілігін құрметтеуді басшылыққа алады.
Доктринада жаңа қағидаттар белгіленген. Олардың негізінде мемлекет азаматтар мүддесіне қызмет ету бағыт-бағдарын ұстанатын болады. Біз әр азаматты қолдайтын, кепілдіктер беретін, қамсыздандыратын, көмектесетін, әр азаматты икемдендіретін және өз мүмкіндіктерін іске асыруына жағдай жасайтын мемлекеттің болғанын қалаймыз. Мемлекетті өз әрекеттерімен нығайту үшін азаматтар өз кезегінде белсенді де бастамашыл болулары тиіс. Азамат пен мемлекеттің ауызбірлігі ғана нық алға басуға мүмкіндік береді. Еркін әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар ғана мықты мемлекеттің іргесін қалай алады.
Азаматтардың барлығы үшін мүмкіндіктердің тең болуын сақтау Доктринаның басты қағидаты болып белгіленген. Әрбір азамат үшін өзінің қоғамға пайдалы дарыны мен қабілетін еркін дамытып, іске асыруына тең мүмкіндіктер беріледі. Әркімге өзінің жасампаз адал еңбегінің, өз кәсіпқойлығының, адами, ізгілік қасиеттерінің негізінде қоғамда лайықты орын алуына құқы бар. Әр адамның еркін дамуы – баршаның еркін дамуының міндетті жағдайы. Біз адам құқықтары мен заңдылықтың мінсіз сақталуын, ақысыз білім алу мен мәдени даму құқығын, еңбек ету мен лайықты еңбекақы алу құқығын, ақысыз денсаулық сақтау, демалу құқығын, лайықты өмір сүріп, әлеуметтік қорғалу құқығын қамтамасыз етуге бел буып отырмыз.
Доктринада көппартиялыққа және азаматтық қоғам институттарын дамытуға айрықша мән берілген. Идеялар мен адамдардың ел ішіндегі бәсекелестігі қоғамды жұмылдыруға және елдің саяси, қоғамдық ұйымдарының серіктестік қарым-қатынасын орнатуға ықпал етеді. Бұл жерде, Тәуелсіздік жылдары елімізде 28 саяси партия бар болған болса, бүгінгі таңда тек 9-ы ғана жұмыс атқарып отырғанын атап өту керек. Тұтастай саяси жүйеге көппартиялық тұрақтылық сипат береді және бұл билікті бөлудің қолданыстағы жүйесімен үйлесімділікті, мүдделер теңгерімін сақтайды және жалпыға ортақ демократиялық қағидаларға сай келеді. Көппартиялық жүйенің болуы идеологиялық плюрализмді сақтайды, тұтастай партиялық-саяси жүйені дамытудың демократиялық векторын қамтамасыз етеді. Ол билік сабақтастығын, елдің тұтастай саяси жүйесінің беріктігі мен тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік туғызады. Бұл, өз кезегінде, «Қазақстан-2050» Стратегиясының аясында мемлекетті ауқымды жаңғырту ісін сәтті жүргізуге ықпал етеді.
Жаңа Доктринаны бекітудің негізгі мақсаты – қол жеткізген табыстарымызды одан әрі еселеп, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен баяндылығын түбегейлі қамтамасыз ету. Доктринада қазіргі заманғы қоғамдағы бәсекелестіктің басты белгісі бірегей білім мен технология болғандықтан, Қазақстанның болашағы зияткер ұлт және инновациялық экономикада деп баса көрсетілген. Доктринада: «Мемлекет азаматтардың мүдделеріне қызмет етуге бағытталатын болады», деп нақты жазылған. Мұндай қағида біздің көз алдымызда жүзеге асуда. Тәуелсіздік алған жылдарда тұрғындар тұрмыс жағдайының артуы қоғам тұрақтылығының, оның дағдарыстарға төтеп беруінің кепілі болды. Партия бірізділікпен осы бағытта жұмыс істеп келеді. Тұрғындардың білім беру мен денсаулық сақтау қызметіне, әлеуметтік және зейнетақы төлемдеріне қолжетімдігін қамтамасыз ету «Нұр Отан» жұмысы тиімділігінің өлшеуіші болып табылады. Жемісті әлеуметтік саясат ертеңгі күнге деген сенімді арттырады.
«Нұр Отан» құрамында тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, әртүрлі кәсіп иелері көп. Мемқызметшілер үлесі небары 6 пайызды құрайды. Осыған байланысты Саяси кеңес құрамындағы шенеуніктердің үлесі 46 пайыздан 28 пайызға дейін азайды. Сонымен қатар, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, мәдениет қайраткерлерінің, спорт, білім беру, денсаулық сақтау салалары өкілдерінің қатары артып отыр.
Тағы бір негізгі міндет ретінде Қазақстан Президенті партияның азаматтық қоғамдағы көшбасшылығының маңыздылығын атады. Осы орайда, ол Азаматтық альянспен бірлескен жұмысты дамытып, адамдардың нақты проблемаларын шешетін патриоттық бағыттағы барлық үкіметтік емес ұйымдар мүддесінің қорғаушысы болғаны жөн. Партияның көшбасшылығының тағы бір қыры – «Нұр Отанның» экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық қайнар-көзіне айналуы. Әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бағыты жастар саясаты екенін ескерсек, XXI ғасырда көшбасшылықтың тізгіні тек жастар белсене қолдайтын партияда ғана болады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзі ерекше әсер қалдырды. Онда Елбасы маңызды екі міндетті: жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және ғылыми негізделген инновацияны дамыту мәселелерін шешуді алға қойды. Шын мәнісінде, бұл мәселелер жаһандық сипатқа ие. Қазіргі таңда дүние жүзіндегі жұмыссыздар саны 200 миллион адамнан асты. Бұған жұмыспен «жасанды түрде» қамтылғандар мен аз төленетін еңбекақы алып жүргендерді қосса, лайықты жұмыссыз жүргендер қатары 400 миллионға жетіп жығылады. Сонымен қатар, инновациясыз еліміз әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру стратегиялық міндетін орындауы екіталай, сондықтан жұмыстың бұл бағытының өзектілігі өте жоғары. Осыны партия мүшелері қаперге алулары қажет. Олар біздің көпұлтты халықты топтастыруда өте маңызды міндеттерді орындайтын болады. Бұл – уақыт шындығы.
Жоғарыда айтқанымыздай, партияның бұл съезі – біз үшін тарихи оқиға. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы құрылғаннан бергі 15 жыл ішіндегі жұмысының қорытындысы шығарылып, партияның болашақтағы бағыт-бағдары айқындалды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау еліміздегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отан» партиясына жүктеліп отыр. Біз өз халқына және өз еліне адал қызмет етуді мақсат етіп отырған Елбасының ұстанған бағытын бәріміз болып кеңінен қолдаған кезде ғана қазақстандықтардың дәулетті де сәулетті тұрмысқа қол жеткізуін қамтамасыз ететін боламыз.
Алмасбек МАМЫТБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы.