• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2020

"Nur Otan" партиясына жаңа мүшелерді қабылдау уақытша тоқтатылды

219 рет
көрсетілді

"Nur Otan" партиясына жаңа мүшелерді қабылдау 11 қыркүйектен 4 қазанға дейін уақытша тоқтатылды. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Бүгін Праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитетінің отырысында "Nur Otan" партиясына жаңа мүшелер қабылдауды биылғы 11 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта, яғни дауыс беру аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.   Соңғы кезде бізге жекелеген азаматтардан "өз" кандидаттарына дауыс бергізу мақсатында партияға мәжбүрлеп кіргізу туралы "арыздар" түсуде. Бұған мүлдем жол беруге болмайды деп есептеймін. Мұндай әрбір фактіні түрлі деңгейдегі партиялық бақылау комиссиясы жан-жақты қарайтын болады.   Жарғымызға сәйкес партияға мүше болу еліміздің әрбір азаматының ерікті және өзіндік таңдауы болып табылатынын тағы да атап өткім келеді. Сонымен, 1 тамыздан бері "Nur Otan"-ға 25 мыңдай жаңа белсенді азамат мүшелікке өтті. Соңғы жылдары "партияластар қатарын тазарту" аясында "Nur Otan"-нан 256 мың адам шығарылған болатын. Бүгінде партиямыз қатарында барлығы 835 мың қазақстандық бар.   Өздеріңізге мәлім, праймеризде онлайн-дауыс берудің айқындығын қамтамасыз ету үшін біз арнайы растау (верификация) жүйесін пайдаланып отырмыз (тұлғаны интернет-банкинг үлгісі бойынша анықтау). Жүйенің принципі: "Бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес". Егер осы деректердің бірі сәйкес келмесе, онда адам "праймериз" ақпараттық жүйесіне тіркеле алмайды, яғни дауыс бере алмайды. Мұның барлығы түрлі айла-шарғыға, бұрмалаушылықтарға, сондай-ақ ықтимал жаппай дауыс беруге жол бермеу мақсатында істеліп отыр.   Құрметті достар! Барлық тәртіп бұзу фактілері бойынша біздің 8 (800) 080 4441 (қоңырау соғу тегін) жедел желісіне не komek@nurotan.kz электронды почтасы арқылы хабарласа аласыздар. Партиялықтардың, жұртшылықтың қолдауымен біз Елбасы, "Nur Otan" партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, праймеризді ашық, әділ және баршаға тең жағдайда өткізетінімізге сенімдімін", деп жазды Бауыржан Байбек.