Дамушы және шекара нарықтарына мамандандырылған Renaissance Capital инвестициялық компаниясы Қазақстан экономикасына қатысты осындай болжам жасады, деп хабарлайды Еgemen.kz.
Компания ҚР экономикасы 2020 жылы өзінің егемен рейтингтерін сақтап қалады деп күтеді және оларды орташа мерзімді перспективада арттыру әлеуетін байқап отыр.
Биыл экономиканың шикізат нарықтарындағы құлдыраудан айтарлықтай зардап шеккеніне қарамастан, жалпы жағдай оң. Ұлттық экономиканың тұрақтылық факторларының бірі пандемия көріністеріне, оның ішінде ЖІӨ құрылымындағы көрсетілетін қызметтердің салыстырмалы үлесіне төмен әсері болды.
Осы жылдың мамыр айында алғашқы карантин шаралары жеңілдетілген соң, экономиканы қалпына келтіру салыстырмалы түрде жылдам жүргізілді, бұл ретте барлық экономикалық көрсеткіштер жақсарғанын көрсетті. 2020 жылдың 3 тоқсанының басында коронавирустың екінші толқыны оны қалпына келтіруге кедергі келтірді. Бірақ шектеулердің әсері негізінен қызмет көрсету саласында ғана байқалды.
Артта қалған секторлардың бірі тау-кен өндірісі саласы болды, оған ОПЕК+ келісімдеріне сәйкес мұнай өндіруді қысқарту да әсерін тигізген.
Компания 2020 жылдың. 1 жартысында үздік нәтиже көрсеткен құрылыс, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы салалары (сәйкесінше 11,2%, 9,0% және 2,4% өсіммен) өсудің озық қарқынын көрсетуді жалғастырады деп болжап отыр.
"Пандемиядан аса зардап шеккен тұтынушылық қызметтер, бөлшек сауда және көлік сияқты секторлар 2021 жылы қалпына келтіру өсімінің зор әлеуетіне ие", дейді мамандар.