• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 12 Қыркүйек, 2020

Жамбыл облысы елордаға 300 тоннаға жуық азық-түлік өнімдерін әкелді

269 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Хан Шатыр сауда -ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда жамбылдық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шаруалар елордаға жалпы құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін әкелді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Елорда тұрғындарына ет, сүт және кондитерлік өнімдер, бал, көкөністер мен жемістер ұсынылды. Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Алтай Көлгінов пен Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

"Мұндай жәрмеңкелер өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді. Бұл елордалықтардың басым бөлігінің назарын аудартқаны қуантады. Мемлекет шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің басты мақсатымыз – импортты азайту және өз облысымызды ғана емес, көрші өңірлерді де отандық өніммен қамтамасыз ету",  деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жәрмеңкеде Жамбыл облысының 10 ауданы және Тараз қаласынан келген барлығы 90 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі өз өнімдерін ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев жыл сайын мұндай жәрмеңкені өткізу барысында көлік шығындары мен сауда орындарымен қамтамасыз етуді салалық басқарма өз мойнына алатындығын атап өтті.

Тауарларды жеткізу үшін 10 ауыр жүк көлігі бөлінген десек, оның ішінде 4 тоңазытқышпен қамтылған көлік бар. Ал, тауар өндірушілер үшін екі автобус ұйымдастырылыпты. Шаруалар бағаны нарықтан 10-20 пайыз төмен бағада өткеруге еш қарсылық білдірмей, келісім берген. Тұтынушыларды өнімдердің тек бағасы ғана емес, сапасы да қызықтырды.

"Барлық өнімдер санитарлық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуына қатысты сертификаттарға ие. Мұндай жәрмеңкелер сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да пайдалы. Себебі, олар өз өнімдерін делдалсыз тікелей өткеруге мүмкіндік алады", дейді Берік Нығмашев.