"Барыс" бүгін құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің "Динамо" (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Екі команда бүгінге дейін 25 мәрте кездесті. Оның 10-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталды. Қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды. Былтырғы маусымда командалар екі мәрте шеберлік байқасты. Онда екеуінде де ресейлік клуб жеңіске жеткен болатын.
Айта кетерлігі, соңғы үш кездесуде қазақстандық хоккейшілер бүгінгі қарсыласына есе жіберіп қойған. Бүгінгі кездесуде айдын иелері ойын тізгінін қолына алды.
Нәтижесінде елордалық хоккейші Даррен Диц 2-минутта "Барысты" алға шығарды. Ал 5-минутта "Динамо" хоккейшісі Дмитрий Яшкин таразы басын теңестірді.
Ойынның 9-минутында "Барыс" тағы алға шықты. Голдың авторы - Кёртис Валк. Екінші кезеңде ресейлік хоккейшілер гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Олар 28-минутта өз дегеніне жетті.
Оны Теэму Пулккинен өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін «Барыс» тағы екі шайба соғып кетті. Ойынның 31-минутта Линус Виделль мергендік танытса, 37-минутта Даррен Диц кездесудегі екінші голдың авторы атанды. Үшінші кезеңде «Динамо» екі шайба соғып кетті.
Вадим Шипачёв 51, 59-минуттарда мергендік танытты. Ойын овертаймға ұласты. Онда «Динамо» жеңіс шайбасын соғып, биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Осылайша "Барыс" қарсыласынан 4:5 есебімен сүрінді. "Барыс" биылғы маусымда төрт ойын өткізді. Алдымен Латвияда "Динамо" (Рига) клубын 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Одан кейін Беларусьта "Динамо" (Минск) командасына овертаймда 4:5 есебімен жеңілді. Үшінші кездесуінде Ресейде ЦСКА (Мәскеу) клубына 1:3 есебімен есе жіберіп, елордада Қытайдың "Куньлунь Ред Стар" командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Енді "Барыс" елордада 14 қыркүйекте Ресейдің ЦСКА (Мәскеу), 18 қыркүйекте Латвияның "Динамо" (Рига) клубтарымен ойнайды.