Электроникалық дүкенге келген 26 жастағы жігіт витринадан қымбат смарт-сағатты ұрлап кетті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Белый ветер" электроника дүкеніне келген жас жігіт сатушының жоқтығын пайдаланып, витринадан құны 230 мың теңгелік "Apple watch" смарт-сағатын ұрлап кеткен. Осыдан кейін кедергісіз дүкеннен шығып, із суытып кеткен.
"Полиция қызметкерлері 26 жастағы елорда тұрғынын ұстады", деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің өкілдері.
Қолсағат ұрлаған жас жігіт осылайша аз уақыттың ішінде ұсталды. Кінәсін мойындаған айыпкер қымбат гаджетті дүкенге қайтарып берді. Қазіргі уақытта ол ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша айыпқа тартылған. Оның басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда.