• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2020

Жақсы әйел – өмірдегі ырысың

4821 рет
көрсетілді

Қазір қосылған жастар арасында көп ұзамай-ақ: «бір-бірімізді кезінде терең ұқпаппыз, біліп-түсінбеппіз» және де басқа с­е­беп­терді алға тартып, ұшы­­­рас­­­қан қиындықтарды желеу етіп ажырасу үрдісі кең қанат жайып келеді. Тіпті, оған ола­р еш қи­налмайтын, сөкет көрмейтін, ар­л­ан­байтын, на­­мыс­­­тан­байтын дә­ре­жеге жеткен сияқты. Сон­дықтан болар қоға­­мы­мыз­да баласы бар жалғыз бас­ты әйелдер, әйелсіз жүрген жас­тар жылдан-жыл­ға көбейіп бара­ды. Ол қазіргі демография­ны қатерлі көрсеткіштерге жеткізіп отыр.

«Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші – жаныңа ұнай­тын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күн­делікті еңбегің; екінші – сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші – қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың», – деген қазақта салмақты әрі құнарлы тәмсіл бар. Әрине, жар таңдауда, өмірлік серік таңдауда қателік жіберу кейде бар­лық тағдырыңды теріс айналдырып, береке­сіздікке, бақытсыздыққа ұрын­дырады, тіпті трагедияға айналдырады.

«Әйелі мен ер адамның жалпы ішкі үйлесімі – нағыз таразы, ал таразы басы бірі екіншісінен асып кетпей, тең түсіп жатуға тиіс», – дейтін даналық пікір бар ел арасында. Онысы да дұрыс шығар. Өмір таразысын тең ұстаған ерлі-зайып­тылар ғана бақытты, тату-тәтті от­басы бола алады. Егер олай болмаса қасірет бұлты қоюланып, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс көбейеді, ыдыс-аяқ жиі шылдырап, үйден бақ-береке, татулық кетеді.

Өмір болғасын оның адам күтпеген бұрылыстары, күрделі, жағымсыз оқиғалары, кедергілер мен қателіктер кездесе береді. Үйленіп алып, басына қасірет тауып, бүкіл өмірін тозаққа айналдыратын жандар да аз емес. Алысқа бармай-ақ, мысал үшін мына бір тарихи оқиғаны еске алайық.

Әлемге аты танымал көрнекті орыс жазушысы «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» және де басқа керемет романдар, хикаялар жазған граф Лев Толстойдың отбасылық өмі­рі тра­гедияға толы еді деп жазады әде­би зерттеушілер. Күйеуі елге та­ныл­­ған сайын әйелі Софья Анд­реев­на менмендікке, өзімшілдікке, көкі­ректікке бой ұрып, мінезі адам төз­гісіз бола бастайды. Сән-салтанатқа бар­ғанды, қолпаштауды жаны сүйетін ол аяқ астынан, себепсізден-себепсіз айқай-шу, ұрыс-керіс шығаратын шайпау мінезін, қазымырлығын уақыт өте келе үдете түседі. Оның есі-дерті байлық пен ақша болды, болғанның үстіне бола берсе деп дүниеге ашкөздікпен қарады. Оның бұл мінезі нәзік жанды қаламгердің жүрегіне салмақ салып, жанын жаралады, түңілдірді. Әйе­лі­­нің дүниеқоңыздығынан, то­йым­­сыз­дығынан, ашкөздігінен, тәкап­пар­лығынан мезі болған жазушы кейде баспалардан шығатын кітаптары үшін қаламақы бермеуді өті­нетін. Келе-келе әйелінің оспадар­ қылықтарынан, жағымсыз іс-әрекет­терінен, шайпау мінезінен құтылу үшін ұлы жазушы 82 жасқа келгенде, қарлы, аязды түні 46 жыл отасқан әйелі­нен құтылмақ болып, үйінен қа­шып шығады (базбіреулер оның бұл қы­лы­ғын жасы келіп алжығанынан, қарт­тық склероздан, яғни есінен айрылу­дан деп қате түсіндіреді). Ақ қар, көк мұзды айсыз түннің құшағына сіңіп, жан сауғалап орманға еніп кете барады. Содан, іздеушілер оны он бір тәуліктен соң ғана шағын темір жол бекетінің маңынан әбден аяз сорып, үсік шалып, бойынан әл кетіп, ауыр халде жатқан жерінен тауып алады. Әлсіздіктен кірпіктері әрең қимылдап, тіл қатуға мұршасы жоқ жазушы, қиналып, талықсып жатса да бір сәтте бар күшін жиып, әзер дегенде: «Әйелімді жаныма жақындатпаңдаршы...», – дейді. Айту­шылардың сөзіне сенсек, бұл ұлы жазушының өмірден өтіп бара жат­қандағы ең соңғы сөзі, өтініші болыпты. Иә, сенесіз бе, әлем мойындаған ұлы жазу­шының өмірі осындай қайғылы оқи­ғамен аяқталыпты.

Қазақ жігіті әйелін құрметпен «жан жол­­дасым» дейді. Әйелдің рөлі отбасын сақ­­тауда, бала тәрбиелеуде өте зор. Сон­­­дық­тан болар қандай қоғам болсын, ана­­лар­­ды әрдайым құрметтеп, аялайды, сый­­лай­ды. Өйткені олар соған әбден ла­йық! Ер жігіт­тердің өзі шыдас бермес кей­­бір әре­­кет­терге нәзік әйел бара ала­ды. Оның бойынан тауды қопарардай ерен күш табылады. Оған мысалдар да жеткілікті.

Жазушы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат Ке­лім­бетовтің ауыр тағдыры, ғылыми және шы­ғар­машылық еңбектері көкі­регі ояу зер­делі азаматтарға жақсы таныс. 35 жасында сал ауруына шал­ды­ғып, тө­секке таңылғанына дес бермей, тағ­дыр тауқыметімен тайталасып, қайрат та­ны­тып, сенім-жігерін қамшылап, қолынан қаламын түсірмей көптеген шоқ­тығы биік еңбектер жазды. Дерт жа­нын қанша қинаса да, үміт отын лаула­тып, ерінбей, талмай, беріле еңбек етті. Сөйтіп, әлем классиктерінің 10 романын, 25 кинофильмін аударып, «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» және «Үміт үзгім келмейді» атты төрт кітап жазып қал­дыр­ды. Әсіресе оның «Үміт үзгім кел­мейді» монолог-хикаяты – жазу­шы­ның қаламгерлік қуатын, ой өрісін, күр­ес­­керлік күшін көрсететін ерекше туын­ды. Осы шығармасы арқылы Франц Каф­ка қоғамының марапатын иеленді. Ал сан­даған ғылыми еңбектері өз алды­на бір төбе. Ой таразысына салсақ, бұл е­р­­лік­ке, батырлыққа тең үлкен іс емес пе?

Ауыр науқас, мүгедек жанның ауырт­палығын бір кісідей көтеріп, қала кітап­ханаларынан том-том кітап арқа­лап, үйі мен кітапханалар арасын жол қылған, төсекке таңылған жарының ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолмен жазып (ол кезде компьютер жоқ болатын), қайта-қай­та бастырып, баспаға апарып беріп жү­ре­тін, еріне сүйеу, тіреу бола білген жұ­байы Қуаныш апайдың еңбегін қалай баға­ла­майсың! Қос қанаты – ұлдары Мұхит пен Қайратты ел қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, терең, сапалы білім беру де Қуаныш апайға жеңіл іс болды дейсіз бе? Шіркін, сол бір жүрегі сыйға, нұрға, сезімге толы, қайырымы мол, сабырлы мінезді, дархан пейілді нәзік жанды қалай қастерлесек те жараспай ма?

Құс ұшса қанаты талатын, шапса тұл­пардың тұяғы тозатын кең-байтақ қазақ­тың киелі кең даласының ұлы пер­зент­терінің бірі – орта ғасырда өмір сүр­ген ірі ойшыл, қобызшы – Қор­қыт ата. Оның соңында қалған әдеби және музыкалық бай мұра ұлағатты ұр­пақ­тарға жетіп отыр. Халық арасын­да Қорқыт баба туралы, оның соңында қал­ған өнері, өмір сүрген кезеңі туралы көзқарастар, пікірталастар мол. Ал әйелдер туралы жазылған шы­ғар­ма­лардың бастауы бағзы заман ескерт­кіші болып табылатын «Қорқыт ата» кітабынан шығады. Онда төрт түрлі әйел жайлы мынадай мысал келтірілген екен: «Сұлу әйелге үйленсең – оның күзетшісіне айналасың, атақты әйелге үйленсең – оның атағына телінесің, бай әйелге үйленсең – оның көп мүлкінің біріне айналасың, ал ақылды, иманды әйелге үйленсең – оның сенімді серігі боласың», депті. Бұл – ой салатын әсерлі, маңызы терең әңгіме.

...Бірер жыл бұрын облыстық ауру­хана­ның хирургия бөлімінде дерті әб­ден дендеген қарт ана жатты. Оның өмі­­рін сақтап қалу үшін бірнеше күр­делі хи­рур­гиялық операция жасалды. Әр күннің атар таңын Алланың сыйы ретінде қа­был­­дайтын кейуананың көрер күні әлі алда екен, Құдай жарыл­қап, аурудан көп қиналса да ауруханадан сауығып шық­ты. Ауруханадан кетер алдында сол ақ­жау­лықты ананың ағынан жарыла айт­қан мына бір сөздері әлі есімнен кетпейді:

– Тәңірге еш өкпем жоқ. Өмірдің ыс­тық-суығын, қуанышы мен қиын­дығын аз көргенім жоқ. Бала-шағам өсіп, аяқтарына тұрып, бұл күндері әр салада қызмет істеп жүр. Барлығы балалы-шағалы, пешенелеріне жазған бақыты мен бағынан өз үлестерін алып жүр. Шалым екеуміз 70-тің төріне шықтық, отауласқанымызға 50 жылдан асып барады... Оған тәубе етеміз. Өлімнен қорықпаймын. Оның ерте ме, кеш пе әйтеуір құрық салатынын білеміз. Бірақ пенде болғасын арман-үміт таусылмайды екен. Мені, әнеукүні аурудан қиналып жатқанда толғандырған басты ой мынау болды: «Егер мен өліп кетсем, анау жаман шалымның жағдайы не бола­ды? «Маған шәйді енді кім береді, мұ­ңым­ды кім бөліседі» деп көздері жәу­діреп, мүсәпір болып қалады-ау байғұс» деп күйзелдім. Көрер жарығым бар екен, сендердің шипалы қолдарың мен аяулы алақандарыңның арқасында отба­сыма оралып барамын. Жасаған еңбе­ктеріңнің рахатын көріп, әрдайым абы­­рой­лы болыңыздар, қалқам! Өркен­дерің өссін, Құдай сендерге күш-қуат, сый-абырой, ұзақ ғұмыр берсін. Елдің ақ бата­сына кенеле бері­ңіздер, қарақтарым! Сен­дерге деген риза­шылығым шексіз. Көп-көп рахмет! – деп еті қашқан салалы сау­сақ­тарымен бетін сипап, көздері жәудіреп, шын пейілмен бата берген болатын.

Расында, бұл жарық дүниеде тірі пен­денің арманы таусылған ба, сірә? Адам­ның өмірге деген құштарлығын немен, қалай өлшеуге болады? Өмірдің тәтті екенін кім білмейді? Өмір өлшемі немен бағаланады? Тіршілік деген дария­дан кім қалай «малтып» өтеді? Атқарып жүрген тірлігіміз кіммен, немен таразыланады? Иә, саналы адамға сараптар сансыз сұрақ жетіп артылады. Ол тым көп-ау, к-ө-ө-п...

Жастар өзіне өмірлік серік табу мәсе­л­есіне атүсті, жүрдім-бардым, жауапсыз қарап, ойланбай отау тіге салу қателікке ұрындыратынын, тағ­дырын кейде, тіпті тәлкек ететінін ұмыт­па­ғаны абзал. «Ой­лан­баған – от басады». Ойланған жөн...

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры, Журналистер одағының мүшесі

 

ТАРАЗ