Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер ван Леувенді қабылдады.
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер ван Леувенді қабылдады.
Нидерланды – еліміздің Еуропадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі аса маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Қазақстанға салынған барлық инвестиция көлемінің 30 пайызына жуығы Нидерландының үлесіне тиеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына Нидерланды салған инвестицияның жалпы көлемі 40 млрд. доллардан асады.
Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер ван Леувен былтырғы жылдың тамыз айында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсырған болатын.
Енді дипломатиялық қызметі аяқталып отыр. «Қызғалдақтар елі» деп танылған Нидерланды мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы соңғы жылдарда 7 млрд. АҚШ доллары көлемінде болып отырды.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қабылдауында тараптар бүгінгі замандағы әлемдік проблемалар бойынша екі елдің ұстанымдарының ұқсас екенін және ол өзара тиімді іс-қимыл үшін берік негіз қалайтынын атап өтті.
Кездесу барысында 2014 жылғы 24-25 наурызда Нидерландының Гаага қаласында өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің келешек межелері, оған Қазақстанның қатысуы талқыланды.
М.Тәжин Қазақстан мен Голландияның ғарыш саласы бойынша ынтымақтастығының жандана түскенін қуаттап, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге голландтық компаниялардың белсене атсалысатынына үміт білдірді.
Кездесу қорытындысында Марат Тәжин Пейтер ван Леувенге Қазақстан мен Нидерланды арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан жеке үлесі үшін ризашылығын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».