• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қыркүйек, 2020

Еуропа ұстанымына берік

304 рет
көрсетілді

Таяуда Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Еуропалық одаққа мүше бірнеше мемлекетке жұмыс сапарымен барған-ды. Алайда Бейжіңнің ресми өкіліне қарт құрлық жылы шырай таныта қоймаған сияқты.

Ван Идің негізгі мақсаты осы жек­сенбіде өткен Еуропалық одақ бас­шылары мен Қытай арасындағы видео­конференцияға дайындық бары­сын пысықтау болатын. Алайда Қы­тай­дың сыртқы істер министрін Еу­ро­па елдері жылы қабылдай қойған жоқ.

Мәселен, Италияға сапары кезін­де Ван Иге Гонконгтың автоно­мия­лық мәртебесі мен ондағы халық­­тың азаттығы туралы сұрақ қар­­ша борады. Парижде қарт құр­лық­­тың дипломаттары Бейжің­нің мұ­сыл­мандарды қудалауына бай­ла­нысты саясатына алаңдаушылық білдірді.

Берлинде Германияның сыртқы істер министрі Бейжіңнен келген өкіл­ге қатаң ескерту жасады. Бәрі­не кінәлі Ван Идің өзі. Неміс журна­лис­теріне сұхбат беріп тұрған ол Чехия Сенатының президенті Ми­лош Выстрчилдің Тайваньға барған са­парын сынға алды. Ван Идің ай­туынша, Чехия осы қадамы арқылы Қы­тайға сатқындық жасап, 1,4 мил­лиард қытайлықтың жауына ай­налды. Сондай-ақ дипломат Чехия осы әрекеті үшін жауап беретінін де жет­­кізді. Бейжің билігі Тайваньді өз тер­­риториясы санайды. Бірақ Тайвань тәуел­сіздігін жариялағанымен, Қы­тай­­дың қарсылығы салдарынан БҰҰ-­да өз азаттығын мойындата ал­май жүр.

Ван Идің Еуропа аумағында тұрып қарт құрлықтың өкіліне сес көрсетіп, астамсып сөйлеуі Герма­ния­ның сыртқы істер министрі Хэйко Маасқа ұнаған жоқ. Өзіне сөз кезегі тигенде Маас мырза еуропалықтар әріптесе әрекет ететінін ескертіп, оның үркітуін негізсіз деп айыптап, қытайлық әріптесін тыйып тастады. Сондай-ақ Еуропалық одақ АҚШ-Қытай текетіресіндегі ойыншық емес екенін жеткізді.

Көп ұзамай-ақ Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломаттары Ван Идің Чехияға сес көрсетуін айып­тауға кірісті. Мәселен, Фран­ция­ның сыртқы істер министрі оның сөзі қабылдауға келмейтінін айтты. Ал Францияның президенті Эмма­нуэль Макрон мәлімдеме жасап, Еу­ропа елдерін 5G технологиясын өздері жетілдіруге шақырды. Яғни, қарт құр­лық Қытайдың Huawei компа­ния­сына сенім артпайтынын анық аңғартты.

Словакия президенті Сюзана Капу­това Туиттердегі парақшасында «Еуро­палық одақ пен Қытай арасын­дағы қатынас диалог пен өзара құр­метке негізделген. Бірақ ЕО-ға мүше мемлекет пен оның өкіліне бағыт­талған қоқан-лоққы біздің әріптес­тігіміздің негізіне қарсы және ондай әрекетті айыптаймыз», деп жазды.

Чехия астанасы Праганың мэрі елдегі Қытай елшілігіне хат жіберіп, кешірім сұрауды талап етті. Чехия Сенатының президенті Милош Выс­трчил Тайвань парламенті депу­тат­тарымен кездесуінде «Мен тайваньдықпын» деп саңқ етіп, осы елдің азаттығы мен демократиялық құндылығын қолдайтынын жеткізді.

Жалпы, Қытай – Еуропалық одақ­тың басты сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан шығар, бүкіл әлем Бейжің билігінің Тайваньның тәуелсіздігін мойындамауын, Гонконг билігіне араласуын, Шыңжандағы мұсыл­ман­дарды қудалауын, Оңтүстік Қытай теңізіндегі шиеленістерді айып­тап жатқанда қарт құрлықтың кей мем­ле­кеттері пікір білдіруге асыққан жоқ.

Дегенмен, кейінгі кездегі Қы­тай­дың саясаты еуропалық дипло­маттарды «тойдырғанын» аңғару қиын емес. Мәселен, Huawei компа­ниясының 5G технологиясын қол­да­нудан үмітті Германия да пікірін өзгертті. Оған қоса, Брюссель дипло­маттары Еуропаға Қытайдан инвес­тиция тартудың орнына, оны шектеудің амал-шарғыларын қарастырып жатыр. Франция мен Германия дипломаттары Үнді-Тынық мұхиты аймағына ерек­ше көңіл бөле бастады. Яғни, мүм­кін­дігінше Қытайға тәуелді болмаудың жолдарын қарау үстінде.

Қысқасы, Ван Идің Еуропаға сапары Қытай Сыртқы істер министрінің нақты ештеңе ұсынбай, екіжақты қарым-қатынас туралы таптаурын әңгімені  қайталай беруі адам құқығын бірінші орынға қоятын Батысқа аса ұнаған жоқ. Бұл жолы Еуропаның жауабы қатқыл шығуы да сондықтан. Ендеше, қарт құрлық Қытайға қатысты ұстанымын өзгертіп, жаңа бағытқа қадам жасағанын аңғару қиын емес.