Заман өзгерді дейміз ғой. Әсілінде заман емес, адам өзгерген сыңайлы. Құрдымға кеткен құндылықтар мен адам айтса сенгісіз аярлықты күн сайын көретін болдық. Оған да етіміз үйреніп барады. Әсіресе, балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық пен педофилия тыйылмай тұр. Бала құқығы аяқасты қалмасын деп ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, хайуан екеш хайуанның өзі жасамайтын бассыздыққа бел буғандардың айылы жиылар емес. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында елімізде қылмыстың осы түріне қатысты 550 оқиға тіркеліп отыр.
Дәл мұндай сорақылық халқымыздың ата салтында да, асыл дінінде де болған жоқ еді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ұлтымыз әйелге ең алдымен ана деп қарап, баланы елдің ертеңі бағалады. Қонақ деп қызын төрге отырғызып, соңымдағы ізім деп балдырғанды тізесіне жайғастырды. Сол сана, сол түсінік, сол ұстанымнан қашан айырылып қалдық екен. Енді келіп қыз зорлаған, педофилдер жайлаған елдің қатарына қосылдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», деді.
Рас, елімізде бұған дейін заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», деген еді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында тараптарды татуластыруға, зәбір көрсетуші барлық талаптарды орындағаннан кейін оны жауапкершілікке тартпауға зор күш салынды. Қылмыстық кодекстің 262-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 9-бабына бірқатар өзгертулер енгізілді. Қоғамды ізгілендіру шараларына 2 мыңға жуық адам тартылып, бас бостандығынан айырылғандардың саны 30 мыңға азайды.
Бірақ бұл ізгілендіру ісі ауыр қылмыс саналатын кісі өлтіргендер мен зорлағандарға, азаптағандарға, экстремизм мен терроризмге барғандарға, қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға қолданылған жоқ. Соған қарамастан еліміздің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке қарай бұру жұмысы қордаланған мәселелерді түбегейлі шеше алмады. Президенттің былтырғы Жолдауындағы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында айтылған «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық», деген сөзі осы ойымызды ұштай түсетіні анық. Ендігі мәселе – азаматтардың негізгі құқықтарын назарға алу еді.
Президенттің осы мәселеге қатысты Парламент пен Үкіметке берген тапсырмасы аяқасты қалған жоқ. Заңға енгізілетін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Осылайша өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соның нәтижесінде зорлау жəне нəпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері орташадан ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Сондай-ақ жас балаға қатысты зорлау немесе нəпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері үшін қылмыскер 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Бұдан бөлек, педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны жəне бұрмалағаны үшін жазаның ең жоғары мерзімі ретінде сотталушы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бастысы, қылмыстың осы түрін жасалған кезде тараптардың ымыраласуына жол берілмейді.
Солай бола тұра қылмыстық жаза қатаңдады екен деп қылмыс саны азая қойған жоқ. Мәселен, биылғы маусым айында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев БАҚ өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында «Жыл басынан бері зорлық-зомбылық, педофилия, балаларға қатысты қылмыс үшін заң қатайды. Жыл сайын елімізде осы сипатта 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Мұндай қылмыстың қатарында балаларды – азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қауіп-қатерлі жағдайда қалдыру фактілері жиі кездеседі. Сондай-ақ жасалатын қылмыстардың үштен бірі зорлық-зомбылық, педофилия мәселесіне қатысты болып отыр», деді. Сорақылық емей немене, бір жылда 2 мың адамның өмірі өзгеріп, қайта қалпына келе қояры күмәнді психологиялық, физиологиялық зардап шегеді.
Жуырда осы ведомство «Балаларға қамқорлық жасаңыз» атты фильмді жарыққа шығарды. Бұл фильмде кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық мәселесі көтеріліп отыр. Онда келтірген ресми статистикаға сенсек, биылғы қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық сипатындағы 550 қылмыс жасалыпты. Соның 250-і – күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіздігін пайдалану арқылы жасалған айуандық. Жасалған қылмыстың тең жартысынан көбінде баланың жасы 14 жастан аспайды (14 жасқа дейін – 61,3%, 14-18 жас аралығында – 38,7%). Тіпті, кей жағдайда баланың анасы күйеуінен не болмаса бірге тұрып жатқан азаматынан айырылып қалудан қорқып, мұндай зорлық-зомбылық оқиғаларын жылы бүркеп жауып қоюдан да тартынбайды. Мұндай зорлықты 40,6% жағдайда балаға бейтаныс адам жасайтын болса, 26,4%-да – танысы, 17%-да – өгей әкесі немесе анасының бірге тұрып жатқан азаматы, 7,5%-да – туысы, 6,6%-да – әкесі, 1,9%-да көршісі жасайтын көрінеді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы ювеналды полиция инспекторы Гүлсая Әнуарбек былай дейді: «Балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың қысқа және ұзақ мерзімді салдары болады. Бала есейген кезінде де бойында психо-патология дамиды. Ондай балалар өте тұйық келеді. Қоғамның өзіне деген қарым-қатынасынан жасқанады. Кей кезде біз осындай олқылықтың алдын алу үшін психологтардың, педагогтердің, одан өзге де арнайы мамандардың қызметіне жүгінеміз».
Бұл мәселе полиция қызметкерлерінің ғана емес, еліміздің прокуратура органдарының да үнемі назарында. Мәселен, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен адамдарға аяушылық та, рақымшылық та болмайды. «Педофилдерге қатысты заңды қатаңдату жұмыстары әлі де жалғасуда. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы педофилдерге қатысты санкцияны күшейткен болатынбыз. Тіпті, мұндай қылмыс жасаған адамдарды өмір бойы бас бостандығынан айыру мәселесі де қолға алынды. Енді бұдан былай педофилдер үшін рақымшылық жасалмайды», дейді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша биыл балаларға қатысты зорлық-зомбылық 8%-ға өсіп отыр. Оның да өз себептері бар. Мәселен, биыл бір жәбірленушіге қатысты 60 қылмыстық іс қозғалды. Былтырдан бастап жабық мекемелерде, интернаттарда балаларға жасалған зорлық-зомбылық фактілерін жасырғандар да жауапқа тартыла бастады. Ол да қылмыстың осы түріне қатысты жауапқа тартылғандардың санын арттырып отыр.
P.S. Елімізде балаға көрсетілетін зорлық-зомбылық пен педофилдер тарапынан жасалатын қылмыстарға қатысты мысалды көптеп келтіруге болады. Өзекті өртейтін де – осы! Әсіресе, пандемияға байланысты сабағына бармай ұстаздың да, ата-ананың да қадағалауынсыз қалған, аула-аулада улап-шулап жүрген балаларды көргенде ойға бататын болдық. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Індеттен қорғаймыз деп жүріп, баланы жүзі қараның құрығына іліндіріп алмасақ жарар еді. Ойланарлық жағдай...