Күзгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жасаған Күсеп ауылдық округінің диқандары егін орағын аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Зеренді ауданының диқандары биыл 277 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Биылғыдай қуаңшылық жылы топырағы құнарлы өңірде тәп-тәуір егін өсті. Ұзақ жылғы бай тәжірибесі бар диқандар агротехникалық шараларды уақытылы әрі мінсіз атқаруға бар күш-жігерлерін жұмылдырған болатын. Әсіресе, көктемгі ылғал жабу жұмыстарына үлкен үміт артты. Соның нәтижесінде күзгі береке көңіл тоғайтарлық. Гектар берекесі 13,8 центнерден айналуда. Бұл облыстағы тәуір көрсеткіштердің бірі. Қазір аудандағы егістік алқаптарының 74 проценті орылды. Алдағы күндер ашық болса, аз уақыттың ішінде бар өнімді жинап алмақ.
Облыста егін орағын алғашқылардың бірі болып аяқтаған "Диқан Плюс" серіктестігі 23 мың гектар алқапқа дән сіңірген болатын. Бүгінгі күні еңбекқор ұжым күзгі дала жұмыстарын толық аяқтап, жерден өнгенді жерде қалдырмай, бар астықты құт қамбаларына құйып алды.
"Қырманға 26800 тонна бидай жеткізілді. Жауапты науқан қызып тұрған уақытта екі бригада күні-түні тынбай еңбек етті", – дейді қырман меңгерушісі Максим Глушковский, – қазір астықты тазалаудамыз. Бұл арада келер жылдың тұқымына да айрықша көңіл аударылып отырғандығын айта кетсек артық болмас. Қазірдің өзінде бес мың тонна тұқым дайындалыпты.
Өнімді сақтауда жаңа технологиялар пайдалануда. Соның бірі астық сақтау қапшығы. Сыйымдылығы 200 тонна болатын қапшыққа кептіріліп салынған дәнді бір жылға дейін сақтауға болады екен.
Бір айта кетерлігі, шаруашылықта жұмысшыларға жақсы жағдай жасалғандығы. Бар күш-жігерін ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алуға жұмылдырған дала ерлерінің асханасындағы дәм тіл үйіреді. Сырттан келіп істейтіндерге арналған жатақхана да жайлы. Шаруашылық ауылдық округтегі 168 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты жалақымен бірге әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да назардан тыс қалған емес.
"Серіктестіктің септігі тиіп тұр", – дейді Күсеп ауылдық округінің әкімі Беркінді Бекболатов, – қыстың күні жолымызды тазалап береді. Карантин кезінде де қол ұшын созды. 12 отбасына 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға азық-түлік себетін де таратып жатыр.
Өз шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырған серіктестік енді көршілеріне көмектесуде. Олардың астық комбайндары қазір өзге шаруашылықтардың егінін жинап жатыр.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.