2020 жылдың 8 айында Қазақстанның жұмыс күші көп өңірлерінен жұмыс күші тапшы өңірлеріне жалпы саны 4 386 адам, оның ішінде еңбекке жарамды жастағы 2 303 адам бар 1 273 отбасы қоныс аударды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің ішінен 1 652 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Қабылдау аймақтары: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары.
Мемлекеттік бағдарлама аясында ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, атап айтқанда:
- көшуге отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен бір жолғы төлем (92 мың теңге);
- 12 ай ішінде ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеу үшін отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жерге байланысты төленеді.
Сондай-ақ қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.
Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үй құрылысының 714 нысаны салынады, Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алынады.
2020 жылы барлығы 5 825 адамды (1 631 отбасы) көшіру жоспарлануда.