• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2020

Атырауда жоғалған шаруагердің өліміне қатысты күдікті ұсталды

1053 рет
көрсетілді

Жылыой ауданында тұратын 47 жастағы шаруагер 6 қыркүйекте жоғалған жылқыларын іздеуге шығып, содан отбасына оралмаған болатын. Бұл оқыс оқиға жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырып, аудан әкімдігінің алдына жиналуына түрткі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы дерекке орай облыстық полиция департаменті арнайы жедел-тергеу тобын құрды.

Жоғалған шаруагерді іздеу үшін полиция және төтенше жағдайлар  департаменттерінің  қызметкерлері, сондай-ақ, еріктілер бірнеше күн бойы далалық аумақты аралады. Алайда, шаруагердің мотоциклі мен қамшысы иесіз қыстақтан табылғанмен, оның өлі-тірісі  бүгінге дейін анықталмап еді.

"Бүгін, 14 қыркүйекте полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларының нәтижесінде  жоғалған азаматтың өлі денесін Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 100 шақырым жердегі Қырықмылтық кен алаңы маңында 15-20 метр тереңдіктегі  шұңқырдан тапты. Осы дерекке қатысты сараптама тағайындалды. Аталған қылмысқа күдікті Жылыой ауданының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті бұрын сотталған. Қазір ҚР Қылмыстық Кодекснің 99-бабымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу  кезінде қылмыстың  орын алу себебі анықталатын болады", деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.