• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2020

Атырау облысы әкімінің 50 гранты резидентураға бөлінді

935 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын облыс әкімінің гранты мектеп бітірген 89 түлекке берілген еді. Енді  резидентура бойынша білім алатын жастарға 50 грант бөлініп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, жоғары білімді медицина  қызметкерлерінің тапшылығы өңірдегі ең күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Әсіресе пандемия басталған 300-ге жуық маманның жетіспеуі аталған салаға ауыр салмақ салды. Сол себептен, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен медицина саласын білікті мамандармен қамту үшін нақты қадамдар жасалды.

"Атап айтқанда, маусым, шілде айларында аймаққа 100-ден астам жас маман тартылып, оларды ынталандыру, қолдау тетіктері күшейтілді. Сонымен қатар, медицина саласына берілетін гранттар саны көбейтілді. Енді облыс әкімінің грантына ие болғандар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде, Қазақ медицина университетінде, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде, Астана медициналық университеті мен  Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында білім алады", дейді Бақытгүл Хаменова.

Осылайша, биыл облыс әкімінің грантына аса маңызды салалар бойынша жоғары білім алуды көздеген 189 жас ие болды.