COVID-19 тудырған пандемиядан толық арылмай жатып, маусымдық тұмау басталса не болады деген қауіптің кімнің де көңілінде бары анық.
Биыл елордалықтарды тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 110 мың доза вакцина сатып алынды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. Тұмауға қарсы екпе астаналықтарға тіркелген мекенжайы бойынша жергілікті алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екпенің бірінші кезекте қандай санаттағы адамдарға салынатынын айтты. Олар – созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар; медициналық қызметкерлер; жүкті әйелдер (жүктіліктің алғашқы 2-3 айы); жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, үй, интернат); ересек мүгедектер мен созылмалы аурулары бар балалар; 60 жастан асқан қарт адамдар көрінеді.
«Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы жаппай иммундау тұмаудың эпидемиялық таралуы және өлім мен асқынулардың деңгейін төмендету мақсатында жүргізіледі. Вакциналауда ағзаға инфекциялық агент бөлшегі енгізіледі. Ол инфекциялық агент ауруды тудыруы мүмкін емес, бірақ ағзада антиденелерді шығаруға ынталандыруы мүмкін», дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы Фатима Смағұлова.
Назар аударатын жайт, вакциналау оған қарсы көрсеткіштері бар адамдарға жасалмайды. Егер ағзада өткір вирустық инфекция болса (тамақ ауруы, жөтел, безгек), онда екпе алуға болмайды. Сондай-ақ созылмалы аурулардың өршуі кезінде де вакциналаудан уақытша бас тартуға тура келеді. Екі жағдайда да пациенттер сауыққаннан кейін немесе созылмалы аурудың тұрақты жақсаруынан кейін вакцинацияланады, дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау қызметіндегі мамандар.