• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 15 Қыркүйек, 2020

Атамзаманғы аю

539 рет
көрсетілді

Қазақтардың қайта-қайта алдын орап «қаты­рып» кеткен саха ағайындарға «жыным» келіп отырғанын қарашы. Неге дейсіздер ғой...

Анау жылы Саха елінің саңлақ режиссері Сергей Потаповпен сұх­бат­тасқанда Якутияның жер көлемі Қазақ­станнан ептеп үлкендеу еке­нін естіп есімізден «танып» қала жаз­дағанымыз бар еді. Әрине, олардың егін егуге, мал жаюға жарамайтын ақ қар, көк мұзы көп екенін алға тартып, уәж айтқан болдық. Әйтсе де, көңіліміздің құлазып қалғанын жасырып қайтейік.

Енді міне, екінші қайтара «тауымыз шағылып» тұр. Алтайдағы Берелден қазып алынған екі мың жылдық жылқыны едәуір малданып, мақтанып жүруші едік. Кешелі-бүгін алпауыт ақпарат құ­рал­дары Якутия аумағынан Еура­зияның апайтөс даласында өсіп-өніп, осыдан он бес мың жыл бұрын өлген аю табылғанын және мұның әлемде теңдесі жоқ жаңалық екенін жарияға жеткізді. Ең қызығы, Сол­түстік мұзды мұхит пен Лаптев және Шығыс Сібір теңіздерінің арасындағы архипелагта бұғы өсіруші бақташылар кездейсоқ кездестірген бұл мақұлық өлексесі бұзылмаған қалпында сақталған көрінеді. Қылы қисаймаған, қаң­қасы қаусамаған, еті езілмеген, ішек-қарны ірімеген. Жабайы аң­ның жас мөлшерін ғалымдар арнайы сарапханада анықтамақ.

«Төрткүл дүниені төңкеріп тас­тағандай бұл оқиғаның маңызы орасан зор. Суретке қарап-ақ, жә­ді­гер жануардың тіпті мұрнына дейін бұзылмағанын байқауға болады. Бұрын қаңқа, сүйек секілді жекелеген дене мүшелері анда-мұнда ұшырасып қалатын. Бұл жолы бұрын-соңды кездеспеген мол олжаға кенелдік», дейді, «Мо­лекулалық палентология» зерт­ханасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Лена Григорьева.

Тоқсан толғаулы зерттеу жұ­мыс­тарының тобықтай түйінін халықаралық дәрежедегі ғұлама ғалымдар айтатын болар.