Түгін тартсаң, майы шығатын, жері құнарлы, табиғаты тамылжыған Шемонаиха ауданында биыл егін бітік шықты. Аудан әкімі Амангелді Тоқтаров өңір диқандарының үстіміздегі жылы 139 мың 700 гектарға астық егіп, гектарынан 21 центнерден дән маржанын жинағанын, күнбағыс, қарақұмық, кендір, рапс дақылдарын қамбаға құйып алғандарын айтты.
Ауданның ауыл шаруашылығы мен экономикасы қатар дамыған, мұнда бірнеше кәсіпорындар мен кеніштер жұмыс істеп тұр, жыл басынан 5028,5 тонна ет өндіріліп, 32778,4 тонна сүт сатылған. Асыл тұқымды мал басы көбейіп, 28 мыңнан асқан. Аудан әкімі А.Тоқтаровтың айтуынша, қазіргі таңда индустрияландыру картасы бойынша төрт нысан пайдалануға беріліпті. Енді соларға тоқтала кетейік.
Түгін тартсаң, майы шығатын, жері құнарлы, табиғаты тамылжыған Шемонаиха ауданында биыл егін бітік шықты. Аудан әкімі Амангелді Тоқтаров өңір диқандарының үстіміздегі жылы 139 мың 700 гектарға астық егіп, гектарынан 21 центнерден дән маржанын жинағанын, күнбағыс, қарақұмық, кендір, рапс дақылдарын қамбаға құйып алғандарын айтты.
Ауданның ауыл шаруашылығы мен экономикасы қатар дамыған, мұнда бірнеше кәсіпорындар мен кеніштер жұмыс істеп тұр, жыл басынан 5028,5 тонна ет өндіріліп, 32778,4 тонна сүт сатылған. Асыл тұқымды мал басы көбейіп, 28 мыңнан асқан. Аудан әкімі А.Тоқтаровтың айтуынша, қазіргі таңда индустрияландыру картасы бойынша төрт нысан пайдалануға беріліпті. Енді соларға тоқтала кетейік.
Аудандағы ірі кәсіпкер Сергей Глушаков тәулігіне 45 тонна күнбағыс майын сығатын жаңа өндіріс орнын іске қосқан. Аудан орталығының шетінде орналасқан жаңа кәсіпорын іші мұнтаздай таза, майды сығатын, оны тазартатын, алтын түстес реңге енгізетін қондырғылар мен жабдықтардың барлығы Ресей мен шетелдерден әкелінген. Міне, цехта күнбағыс майы таза құмыраларға құйылып жатыр. Қондырғыны бірнеше жерде үш-төрт қыз-келіншек басқарып тұр. Шыр көбелек айналған, арнайы жабдықталған қондырғы тынымсыз жұмыс істеуде. Бір сағатта бірнеше мың құмыраға құйылған күнбағыс майы дайын өнімдер қоймасына жөнелтіледі екен.
– Бізде шығарылатын күнбағыс майы әбден тазартылған, арнайы сертификатты жеңіп алған. Өнімдер Ресейге, облыс аудандарына жөнелтіледі. Көрші Қытай да тапсырыс беруде. Жоба еліміздің индустрияландыру картасына енген, «Даму» қоры арқылы 560 миллион теңге несие алдық. Қазір кәсіпорында 30 адам еңбек етуде, жалақылары жаман емес, – деп «Востоксельхозпродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы С.Глушаков атқарып жатқан істері жайлы айтып берді.
Аудандағы серпінді жобалар тізіміне енгізілген тағы бір жоба «Триумф-Агро» серіктестігінің күнбағыс майын бірнеше қайта тазарту жолымен жоғары сапалы өнім өндіретін зауыты. Кәсіпорын басшысы Нұржан Әшімовтың айтуынша, жоба құны 410 миллион теңге. Зауыттың қуаты тәулігіне 120 тонна май сығуға жетеді. Н.Әшімов жаңа кәсіпорын іске қосылған екі жылда бюджетке миллиондаған теңге қаржы аударғандарын, өздерінің зауытты пайдалануға беруге 260 миллион теңге қаржы салғандарын тілге тиек етті. Бұл күндері зауытта 54 адам жұмыс істеуде.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы жүзеге асып жатқан «Ұн және құрама жем тарту» жобасы жақын арада өз нәтижесін бере бастамақ. Жаңа жоба іске қосылғанда облыстағы мал, құс және басқа түлік түрлері қажетті құрама жеммен толық қамтамасыз етілмек. Қасымыздағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов мұндай жобаның аса тиімді екенін, енді алысқа сабылмай қажетті жемді Шемонаихадан алуға болатынын, көп шығын шықпайтынын айтты. Жоба құны – 530 миллион теңге. Серіктестік сағатына 25 тонна, ал тәулігіне 600 тонна құрама жем шығара алады. Серіктестік басшысы А.Османов мұндағы қондырғылардың түріктікі екенін, 30 адамның еңбек ететінін, жыл аяғында пайдалануға беретіндерін хабардар етті.
Шемонаиха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров басқа да бірқатар жобалар жайлы айтып берді. «Житница» ЖШС неміс технологиясын қолдана отырып, минералды тыңайтқышты жерге тиімді сіңіру арқылы биыл 208 гектарға еккен картоптан рекордты көрсеткішке қол жеткізіпті. Әрине, бұл жерде оңтүстік өңірден келген азаматтардың қажырлы еңбегі жайлы ерекше атап өткен орынды. Олар уақытпен санаспай еңбек етті. Картоптың әр гектарынан 420 центнерден өнім алу шынында да ғажап. Нұржан Әшімов келер жылы картоп егу көлемін екі есеге дейін көтеретінін айтты.
Ауданда басқа жобалар да жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, «Ремдор» серіктестігі асфальт зауытын салып жатса, «Көкжал-Бетон» ЖШС құрылыс материалдары мен асфальт зауытын салып тастаған. Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданда жаңа қазақ мектебі пайдалануға беріліпті. Шемонаиха қаласы көркейіп, көшелерге асфальт төселіп, шамдар орнатылып, жұртшылық демалатын орындар пайдалануға берілген. «Бұл игі бастамалардың барлығында аудан әкімі А.Тоқтаров пен оның командасының лайықты үлесі бар», дейді аудан тұрғындары.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы.
Суретте: күнбағыс майын сығатын жаңа зауытта.
Суретті түсірген автор.