• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қыркүйек, 2020

Қостанай облысында 11 адам мектеп асханасында уланып, ауруханаға түсті

246 рет
көрсетілді

Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Тимофеев ауылында мектеп жанынан жұмыс істеп жатқан шағын орталық асханасынан тамақ ішкен 11 адам уланып, ауруханаға түсті. Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, уланғандардың ішінде төрт ересек адам, жеті бала бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға 11 қыркүйекте болған. Департамент мамандары сол күні Тимофеевке шұғыл жетіп, ұшынған балалар мен олардың ата-аналарынан жауап алған.

Сондай-ақ шағын орталықтың асханасын тексеріп, жуындыдан талдау алып, оны азық-түлік және ауыз су зертханасына жөнелткен. Санитарлық дәрігерлердің болжауынша, ересектер де, балалар да астан уланған. Тимофеев ауылындағы білім ошағы шағын кешенді мектеп санатына кіреді. Сондықтан мұндағы балалар қазір үйде онлайн арқылы емес, мектеп қабырғасында білім алып жатыр. Сол күні шағын орталықта 14 бала болған. Ас ішіп шыққан соң олардың тең жартысының жүрегі айнып, қызуы көтеріле бастаған. Қалған балалардан денсаулығына байланысты еш шағым түспеген. Дәрігерлердің сөзінше, қазір науқастардың жай-күйі орташа, бірақ тұрақты. Астан уланып аурухана төсегіне таңылған 11 науқасқа алғаш жедел гастроэнтероколит деген диагноз қойылған. Алайда зертханалық талдау нәтижелері 9 науқастың ішек жолдары қабынғанын анықтап отыр.

Қазір мектеп асханасы жабық. Облыстық полиция департаменті мектептегі санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің сақталмауына байланысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

 

Қостанай облысы