Қостанайда Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың «Звезды в небе» кітабының тұсаукесері болып өтті
Қостанайда Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың «Звезды в небе» кітабының тұсаукесері болып өтті
Халқымыз тарихында бүкіл ұлтқа үлгі болар, ата-бабасынан тектілік үзілмеген әулеттер болған. Олар туралы көзі қарақты жұртшылық біледі. Мысалы, Абай, Шәкәрімді, Шоқанды, Ыбырайды, Қанышты тағы басқа да біртуарларды халқымызға осындай ірі әулеттердің сыйлағаны мәлім. Қостанай облысының Меңдіғара ауданындағы Қозыбаевтар әулетін де осы қатарға қосқан ләзім. Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасында тұсаукесері өткен публицист, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың «Звезды в небе» кітабын оқыған оқырманның өзі де осындай ойға тоқтары анық.
Тұсаукесер кешінің басты қонағы кітап авторының үлкен апасы, қарт ұстаз Сәулеш Қозыбаева болды. Бүгінде жетпістің бел ортасынан асқан Сәулеш Қабашқызын жұртшылықпен қатар, облыстағы журналистер қауымы жақсы біледі. Ол үлкен отбасы, әкесі Қабаш Қозыбаев, ағалары тәуелсіз Қазақстан тарихының негізін жаңа көзқараспен салып берген академик Манаш Қозыбаев, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев, інісі тарих ғылымдарының докторы, белгілі қаламгер Сағымбай Қозыбаев туралы талай рет тағылымды сұхбаттар берген, өзі де жергілікті баспасөздерге мөлдірете жазған. Сағымбай Қабашұлы кітабында апасы туралы тебіреніп: « ...маған оқушы дәптерінің екі бетін толтырып жазып жіберген жолдарының өзінен менің ата-атанымның балалары арасындағы таланттысы Сәулеш апам екенін байқағандаймын. Әйелдің жаны нәзік, тағдырдың жолы ол үшін тегіс те бола бермеді. Ал қолына қалам ұстап, ізіне түскенде өзін классик санайтын осы күнгі кейбір жазушылар Сәулеш апамның қасында шаң қауып қалар еді» деп жазады.
«Звезды в небе» кітабында Сағымбай Қозыбаев әкесі Қабаш Қозыбаев туралы өзі жазуымен қатар, әр жылдардағы басылымдарда жарық көрген өзге авторлар материалдарын да топтастырыпты. Оның арасында ақын Ғаббас Жұмабаевтың «Қозыбай самолеті» атты поэмасы, Манаш Қозыбаевтың кітабынан үзінділер бар. Бұлар шынайылығымен әке бейнесін аша түскен. «Жаңа тұрмыс» колхозының төрағасы Қабаш Қозыбаев соғыстың өрті тоқтау бермей қаулаған 1943 жылдың басында 190 мың сом қаржы жинайды. Көрші «Красный повстанец» колхозының төрағасы Иван Верещенко да дәл осынша ақша жинайды. Екеуі Чкалов қаласына (қазіргі Орынбор қаласы) барып, үш әскери самолет сатып алады. Оның бірінің қанатына қызылмен «Қабаш Қозыбаев», екіншісінің қанатына «Иван Верещенко», ал үшіншісінің қанатына екеуінің атын қатар жазады.
– Әкем осы қаржыны жинағанда үйдегі малды, ине-жіпке, балаларының киіміне дейін сатыпты. Анама: «Аштықта да өлген жоқпыз, біз елдеміз», деген екен. Сонда үй толы жан болатын, інісі Оразалы майданда. Әкеміз аштықты, колхоздастыруды, репрессияны, соғыс қиындықтарын басынан кешті. Ол колхоз басқарса да кедей тұрдық. Соғыс кезінде ауылдастарына «қара қағаз» тасып, жаны жүдепті. Кейін: «Қарақыз деген кемпірдің майданға кеткен төрт баласына «қара қағаз» келгенде, соңғысын үміті үзілмей жүрсін деп апарып бермедім» дегенін өзім де талай естіп едім, – деді Сәулеш апа жиналғандарға айтқан әңгімесінде. Сонымен қатар, ол ата-анасының, бауырларының арасындағы, жалпы Қозыбаев әулетіндегі тамаша сыйластық үлгілерін де майын тамыза әңгімелеп берді.
Кеште Сағымбай Қозыбаевтың әке және Қозыбаевтар әулеті жайындағы жаңа кітабы туралы «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары Сәлім Меңдібаев, «Костанайские новости» газетінің редакторы Сергей Харченко, журналист Гүлжібек Баекенова, Оразалы Жақсанов тағы басқалар жылы лебіздер айтты.
Облыстық кітапхана директоры Гүлжамерия Қазина айтқандай, облыстағы белгілі, үлгілі әулеттермен жұртшылық өкілдерін кездестіріп тұруды мәдениеттің қара шаңырағы алдағы уақытта дәстүрге айналдырмақ. Әдемі бастама екенінде сөз жоқ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.