Бүгінде еңбек нарығы, оқу жүйесіне қатысты NEET (ағл. Not in Education, Employment or Training) жастар дегенді жиі естіп жүрміз. Оқу мен еңбектенуге құлқы жоқ, азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі төмен жастардың бұл тобы елдің экономикасын тежеп, халықтың әлеуметтік жағдайына да әсер ететінін түрлі зерттеу институттары мен сарапшылар жарыса жазып жүр.
Біздің елде де құлықсыз жастардың саны артпаса, кемімей тұр. Осы орайда жастардың әлеуметтенуіне мемлекеттік бағдарламалардың әсері қандай, жастар орталықтарының жұмысын дұрыс жолға қою арқылы бұл санаттағы жастардың санын қысқарту мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.
Соңғы жылдары құлықсыз жастардың қоғамдағы үлесінің артуы мемлекеттік, тіпті әлемдік мәселе деңгейіне көтеріліп, қызу талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Тіпті Дүниежүзілік банктің осы саладағы зерттеулері NEET санатындағы жастардың жалпы халық санындағы үлесі ұлттық экономикалардың дамуына, сондай-ақ әлемдік еңбек нарығына да елеулі әсер ететінін аңғартып отыр. Қалай дегенде де, білім алу мен еңбектен қашқақтайтын азаматтар түрлі әлеуметтік және қоғамдық мәселелердің пайда болуына да әсер етеді.
Аталған топтың пайда болуы әр елдің экономикалық-әлеуметтік және рухани дамуымен байланысты. Қазіргі уақытта жалпы Еуропа елдерінде осы санаттағы жастар жалпы халықтың 14,7%-ын құрайды. Бұл топтағы жастарды жұмыс пен оқуға ынталандыруға экономикасы озық мемлекеттердің де шамасы жетпей жүр. Мәселен, Ұлыбритания үкіметі NEET мәселесіне әлі күнге дейін шешім таппай әлек. Оны елдегі ескірген білім беру жүйесімен және еңбек нарығындағы үлкен өзгерістермен байланыстырады.
Ал Күншығыс елінде NEET жастардың алдын алу мақсатында мектептерде оқушыларға оқу бітіргеннен кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік беретін, бағыт көрсететін арнайы бағдарлама оқытылады. Сондай-ақ Токио университеттері студенттердің әлеуметтік дағдыларын дамытуға ықпал ететін кез келген жобаларды белсенді түрде қолдайды. Жапон қоғамы үшін NEET тақырыбының өзектілігі соншалық, құлықсыз жастар тақырыбы заманауи жапон әдебиетінде де қозғалып жүр. Жазушылар 15-34 жастағыларды негізгі аудитория ретінде белгілеп, шығармаларын соларға негіздеп жазады.
Мұхит асып, АҚШ және Латын Америкасы елдерін қарар болсақ, NEET жастар мәселесі бұл аймақтарды да айналып өтпеген. Мұндай әлеуметтік құбылысты АҚШ-та «жертөле тұрғындары» деп атайды екен. Бұл топты негізінен оқу орындарын енді аяқтағандар құрайды. Осы орайда тағы бір мәселе көтеріледі. Оқу құнының өсуі көптеген жасты жоғары білімнен бас тартуға мәжбүр етеді. Ал ол сәйкесінше әлеуметтенудің сәтсіздігіне әкеліп соқтырады.
Бұл проблема Латын Америкасы елдерінде де өзекті. Өйткені Мексика зерттеулеріне зер салсақ, ел аумағында есірткі картельдерінің арбауына ең көп ұшырайтын және есірткі саудасы мен оған қатысты қылмысқа баратын осы топтың өкілдері екен.
Көршілес Ресей жерінде NEET жастарының үлесі 15-24 жас аралығындағы барлық жастардың шамамен 15%-ын құрайды. Жастардың NEET жағдайына түсу қаупі негізінен білім беру сапасының төмендігінен не тіпті білімнің жеткіліксіздігімен байланысты. Үндістанда 15 жастан 24 жасқа дейінгі ұлдардың 6,4%-ы NEET қатарында, ал осы жас тобындағы қыздардың үлесі 44,9%-ды құрайды. Үнді мәдениетінде өзін өзі асырай алатын, тәуелсіз қыз отбасының ауыртпалығы саналады, сондықтан қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізбеу үшін оны жұмысқа жіберуден гөрі үйде ұстау қауіпсіз деп санайды.
Бұл проблема біздің елімізде бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында жыл сайын мектеп түлектерінің 21 мыңға жуығы оқуға түсе алмайтындығын, көбі жұмыссыз қалатынын және соның салдарынан жастардың теріс бағытқа түсіп кету қаупі жоғарылайтынын айтып, оларды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлу қажеттілігін атап өткен болатын.
2019 жылғы ресми статистикалық деректерге сәйкес, жалпы елдегі NEET жастардың үлесі 7,4 пайызды құрайды. Өңірлердегі халық санының өзгеруі мен жұмыссыздық секілді әлеуметтік ахуалға байланысты үлес көрсеткіші түрленіп отырады. Аталған көрсеткіштердің ең төменгі межелері Қарағанды, Түркістан облыстарына тән екенін атап өткен жөн.
Түркістан облысындағы NEET жастардың үлесі 2019 жылдың көрсеткіші бойынша, 10,7% құрап отыр. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеген. Ал 2020 жылдың І жартыжылдығының ресми статистикалық көрсеткіші облыс бойынша 6,7%-ды құрап, 31 201 жасқа теңестірілді.
Қазіргі уақытта осы көрсеткішті барынша төмендету және жастардың белсенділігін арттыру жолында мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар шеңберінде жастарды жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, шағын және орта бизнесін бастауға көптеген мүмкіндік берілген. Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер, 14 пен 28 жас аралығындағы жұмыссыз жастарға арналған 555 600 теңгені құрайтын қайтарымсыз негіздегі гранттар ұсынылуда.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы жұмыспен қамту шаралары аясында 29 жасқа дейінгі жастар қатарынан 30 639 адамға қолдау көрсетілу жоспарлануда. Бүгінгі күні нақты 13 198 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 2020 жылдың I жартыжылдығында 422 маман жұмысқа орналасты. Олардың 285-і білім беру, 100-і денсаулық сақтау, 57-сі агроөнеркәсіптік кешен, 10-ы спорт, бесеуі мәдениет, алтауы әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша қызмет етіп жүр.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдарламасы бойынша 2020 жылы мамыр-маусым айларынан бастап қараша айына дейін 1 275 жұмыс орнынан тұратын еңбек маусымы басталады. Қазір төтенше жағдайға байланысты жұмыс жоспары кешігуде. Осы жоба аясында жүргізілген талдауларға сәйкес, Түркістан облысында «Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдарламасының өңірге жыл сайынғы бөлінетін лимит санын 1 275-тен 1 500-ге арттыру жолға қойылып отыр.
Қазіргі таңда пробация есебіндегі жастар мәдени-рухани, спорттық шараларға, үйірмелерге тұрақты қатыстырылып, қадағалануда және NEET жастар арасында «Келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың, деструктивті мінез-құлықты (құқық бұзушылық) алдын алуға бағытталған психологиялық ағарту жұмыстары» тақырыбында 83 кездесу және мотивациялық семинар-тренингтер ұйымдастырылып, бүгінге дейін 752 жаспен жұмыс жүргізілді.
Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жас кәсіпкер», «Көшбасшылық мектебі» тақырыптарында оқыту тренингтері мен үйірмелер жүргізілуде. Бұл іс-шаралар легі жастардың бизнесті басқаруға, жеке бизнес-жоспарын дайындауға, өз кәсібін ашуға, дұрыс әлеуметтенуіне бағытталуда. Атқарылып жатқан осы жұмыстар NEET жастардың қатарын азайтады деген сеніміміз бар.
Жастар орталықтары мен ұйымдары ең алдымен осы санаттағы жастармен жұмысты көбейтуге маңыз беруі керек. Жастармен жұмыс істейтін бірлестіктерде креативті көзқарастың болмауы жастардың жауапсыз және деструктивті ағымдарға түсуіне алып келеді. Жастар орталықтарына деген сенім азаматтарымыздың, әсіресе жастардың жетілуіне ықпал етуі керек. Жастар қозғалыстарының барлық іс-шаралары тек белгі үшін ғана емес, мақсатты сипатта болуы өте маңызды.