Тобыл өңірінде тамыздың соңына қарай басталған жаймашуақ күздің қарасұр бұлтына барып сіңіп, күн райы күрт құбылды.
Күні бойы толассыз жауған жаңбыр жиырма күннен бері қырда қызу жүріп жатқан қарбалас тіршілікті бір-ақ күнде тоқтатты. Осылайша, комбайн қаңтарылып, диқан аңтарылып қалды. Жауын-шашынның неше күнге созылары белгісіз. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы көлденең жаңбырдың күзгі ораққа көп зияны тие қоймайтынын, диқандар алқаптағы астықтың 88%-ын жинап үлгергенін айтып отыр. Басқарма мәліметінше, облыс шаруашылықтары бүгінге дейін 3,5 млн гектардың бидайын бастырып алған. Бидай әр гектардан 10 центнерден өнім беруде. Алқапта 550 мың гектардай орылмаған астық бар.
– Биыл 4 млн 51 мың гектар алқапқа дән егілді. Облыста орақ науқаны аяқталып қалды. Қазір ешбір аудан науқанды толық аяқтадық деген мәлімет берген жоқ. Бірақ шаруашылықтардың көбі арпа, сұлы, бидай сияқты дәнді дақыл түрлерін жинап алды. Қазір алқапта негізінен майлы дақылдар қалып отыр. Орақ қарқыны о баста жақсы еді. Тәулігіне 150-200 мың гектар алқаптың астығы орылатын. Қыркүйектің бірінші жартысы күн райы ашық болды. Науқанның аяқталуына осы соңғы жауын кедергі болып тұр. Сондықтан солтүстік аудандарда жұмыс тоқтап қалды. Күн райы ашылса, диқандар 2-3 күн ішінде алқапқа қайта шығады, – деді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есімжан Баймақанов.
Сала мамандарының айтуынша, Меңдіқара, Қарабалық, Федоров, Сарыкөл аудандарындағы іргелі шаруашылықтардың дені алқаптағы дәнді шашаусыз жинап алған. Бұл аудандарда топырақ құнарлы. Күтімі жақсы алқаптан жоғары өнім алуға болады. Мысалы, сарыкөлдік диқан Тұрсынбай Сәдуақасов биыл бір гектардан 22 центнерге дейін өнім алып отыр.
– Дәнді дақылды түгелдей орып алдық. Майлы дақыл да еңсеріліп қалды. Қысқы мал азығын да ерте қамдап алдық. Енді зығыр ғана қалды. Оны күздің қара суығы басталған соң ору керек. Ауа райының суытуын күтіп отырмыз, – деді кәнігі диқан.
Сары бидайлы Сарыкөл ауданының диқандары былтыр қуаңшылыққа қарамастан жоғарғы өнімге қол жеткізіп, алқаптың әр гектарынан 14 центнерден өнім алған. Биыл 293 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Оның 345 мыңын бидай, 35 мыңын сұлы, 70 мың гектарын майлы дақыл алып жатыр. Топырағы құнарлы, табиғаты жомарт бұл өңірде бидай биыл да бітік шықты. Бұл өңірде егіншілікпен айналысатын 600-ден астам жеке шаруашылық бар. Бүгінге дейін диқандар алқаптағы астықтың 80 пайызын қамбаға құйып алды.
– Бидай орташа есеппен бір гектардан 13 центнер түсім берді. Бұл көрсеткішті қазіргі есебіміз бойынша айтып отырмын. Әлі де орақ тимеген алқаптар бар. Оларды қоссақ, түсім мөлшері өсуі де мүмкін. Бәрі де ауа райына байланысты. Бүгін, міне, тағы да жаңбыр басталды. Бүгін-ертең тоқтайтын шығар. Одан соң астық дегдігенше тағы бір күн күтуге тура келеді. Осылайша уақыттан ұтылуға тура келіп тұр. Күн райы енді 5-10 күндей ашық болып тұрса, күзгі жиын-терін науқанын толық аяқтаймыз деп отырмыз, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қанат Сәбиев.
Қостанай облысының шаруашылық құрылымдары соңғы жылдары нарықта жоғары сұранысқа ие әрі қымбат майлы дақылдар көлемін ұлғайтуға бет бұрған. Биыл аймақта 640,5 мың гектар майлы дақыл егілді. Бұл өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Сала мамандарының сөзіне сенсек, соңғы 4 жыл ішінде алқаптарды әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар көлемі 289,1 мың гектарға ұлғайтылған. Мысалы, Сарыкөл ауданының диқандары былтыр 50 мың гектарға майлы дақыл ексе, биыл оның көлемі 70 мың гектарға жеткен. Өйткені күнбағыс, рапс, зығыр сияқты майлы дақыл түрлерінің нарықтағы бағасы бидайдан бірнеше есе қымбат дейді диқандар.
Қостанай облысы