Педагогикалық шеберлік орталығының "Шабыт" бағдарламасы аясында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы қызметкерлерінің Алан Бөрібаевпен онлайн кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сөз басында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әріптестеріне тағылымы мол кездесудің қадірлі қонағы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері, дирижерлердің көптеген еуропалық конкурстарының жеңімпазы Алан Бөрібаевты таныстырды.
Жұлдызды маэстроның кәсіби жетістіктері Қазақстанның музыкалық өнерін елімізде ғана емес, күллі әлемге паш етті. Бүгінде дирижер Осло, Хельсинки, Гамбург, Берлин, Милан, Мельбурн, АҚШ, Корея, Жапония мен Ұлыбританияның филармониялық оркестрлерімен өнер көрсетеді.
"Әлемнің әртүрлі музыкалық топтарымен бірлесе жұмыс жасауға бейвербалды қарым-қатынас тілі – музыка тілі көмектеседі", дейді маэстро.
Кездесу барысында Алан Асқарұлы жиналған онлайн аудиторияға барша оркестрлары секілді виртуалды әрі шебер дирижерлық ете білді. Оның кәсіби таңдауына ықпал еткен балалық шақтың қызықты оқиғалары, еліміздегі және шетелдегі шығармашылық жетістіктері, опералық өнерінің болашағы, жаңа жобалары, сондай-ақ, Г. Малердің аты аңызға айналған Симфония №8, бірегей қойылым "Мың қатысушының симфониясы" және Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсының жаңа нұсқасы – аталғандардың барлығы айрықша талант иесінің жанкүйерлерінің қызығушылығын тудырды.
"Классикалық музыка өмірді түсінуге және оған шынайы қуана білуге көмектеседі", дейді Алан Бөрібаев. Жұлдызды маэстроның өмірлік ұстанымы – "Бастаған ісіңде жетістікке жеткен сайын, жаңа шыңдарды бағындырып, жаңа мақсаттарға қол жеткізгің келеді".
Көпшілікке кең тараған "Шабыт" бағдарламасы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының елордалық қызметкерлері отандық әйгілі өнер қайраткерлерімен жүздесуге мүмкіндік алатын Педагогикалық шеберлік орталығының табысты жобасы.