• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2020

Қарекет түбі – берекет

1338 рет
көрсетілді

«Қарекетте қайыр барын білеміз, оған көзіміз жеткен» дейді қос құрбы – тігінші келіншектер.

Жақсы жандарға жолыққан Жадиева

Гүлжанат Жадиеваның бала кезгі арманының жүзеге асуы біраз жылды керек етіпті. Кішкен­тайынан сурет салуды, әлдене тігуді жақсы көрді. Қиялымен  қолынан шыққан дүние­лерді жұрт алдына шығарғанда ел қызық­тап қол соғып тұрса, алғысын айтса, жаппай тұтынса, жарастырып кисе деп армандады. Бірақ бұл ойын ата-анасы құптамады.

– Қой, қызым, тұқымымызда тігін­шілікпен тіршілік еткен адам жоқ. Сенің бұл ісіңді қолдап көмек­тесе­тін қаражатты қайдан табамыз? Одан да Қызылорданың педкол­леджіне барып, мұғалім бол, – дейді. Шеше сөзін екі етпеген Гүлжанат арманын жиыстырып, мұғалімдік жолға түсті. Тұрмысқа шығып, балалары өмірге келгенде жұбайына елде жұмыстың реті болмай 2013 жылы елордаға қоныс аударған екен. Ал тігіншілікке келуіне декретте отыруы себеп болыпты.

– Жалпы, қарекетсіз отырған­ды қаламаймын. Сол уақытта тапсы­рыс­қа торт пісіріп саттым, одан әлеу­­меттік желіден біліп, ақтаулық Нұр­лы Қабулова есімді қыздан онлайн құрақ көрпе тігуді үйрендім. Нұрлы бейнесабақтар көрсетеді, одан тапсырма береді, кері байланыс арқылы жасаған тапсырмаңды көрсетесің, осылайша құрақ көрпе тігудің қыр-сырын оқып алдым, – дейді ол.

Сөйтіп жүргенде бір күні бала­бақшадан тапсырыс алып, бұл іспен айналысып табыс табуға болатынын, жаны қалайтын еңбек екенін ұқты. 2017 жылы Гүлшарат Жұбаева астанаға шеберлік саба­ғын өткізуге келді. Курстан өту 30 мың теңге тұрады. Тек көпбала­лы анаға арналған тегін 3 орын бар екен.  Балаларының ар­қа­сында тегін оқуға жазылған ол Гүл­шараттың қадағалауымен бір көй­лек пен қамзол тігіп шық­ты. Кейіннен Гүлшарат Қазақ­стан бойынша курстан өткен қыз­дардың басын біріктіріп ортақ чат ашты. Ол жерде де бір-бірінен сұрап, кеңесіп отыруға болады. Осы­лайша Гүлжанат көрпе тігу ма­шы­ғын тереңдетіп білмекке тағы да алыста жатып білгенін үйрететін тағы бір жақсы жанның сабағына қа­тысады. Ол семейлік Назым Қады­рова болатын. Қазіргі құстың қос қана­тындай, қанаттаса еңбек етіп жүр­ген құрбысы Раби­ғамен осы көр­пе сабағынан өтуде танысады.

Қолынан шыққан бұйымдарын әлеуметік желіге салып, елге көрінуі Гүлжанатқа жаңа тапсы­рыстар әкеледі. Бірақ оның іс ті­гетін машинасы да жоқ еді. Бір­де әжептәуір қомақты тапсырыс түсті. Содан Рабиғаның мәшеңкесін жалға алып тігіп, 5 күннің ішінде тапсырысты орын­дайды. Осы жеделдігімен құт­тық­таған қыз-келіншектер қалай тіккенін сұраған екен. «Мә­шең­кені жалға алып тігіп шық­тым» дегенін естігенде Гүл­шарат: «Қыздар, әр­қай­сымыз 1 мың теңгеден шы­ға­рсақ, 100 мың теңгедей қаражат жи­налады, қалғанын өзі қосар, көмек­тесейік», дейді.

– Өмірі жүзін көрмеген ортақ чаттағы қыздар үш күн ішінде 90 мың теңге жиып беріп, қалған 70 мың теңгесін өзім қосып алғашқы мәшеңкеме қолым жетті. Қуанышым қойныма сыймай, қызықтап айналасынан шықпайтынмын, әйтеуір жүрген жерімде жақсы адамдарға жолығамын, – дейді Гүлжанат.

Сөйтіп жеке мәшеңкесімен іс тігіп жүргенде «Атамекен» ұлт­тық кә­сіп­­кер­лік палатасының «Бизнес бас­­­­тау» атты бір айлық курс өткізе­тінін кө­реді. Осы курста оқыған ол 500 мың теңге грант ала­ды. Бұл қара­жат Гүл­­­жанаттың ар­ман-қия­лын­­да жүр­­ген тігіншіге қа­жетті күр­делі опера­­ция­­ларды орын­дайтын жаңа мәшең­­ке мен 48 размерлі манекен және өн­­д­і­­­рістік үтік алуға мүм­кіндік береді.

 

Қордайдан қанат қаққан Рабиға қыз

Рабиға Өтепова Қордайда туыпты. Жұбайы әскери адам, қазір зейнеткер. Сондықтан да еліміздің көптеген өңірінде еңбек еткен. Әуел­де кәсіптік-техни­ка­лық колледжде тігіншілікті игерген Рабиғаның бұл істе қалан­ған іргетасы бар. Алай­да қазіргі күні бұрынғы білгені­мен отырып қалуға бола ма, соны жетілдіремін деп жүріп, бір жылғы төл – Гүл­жанатпен танысып, жарасып кеткенін байқамай қалды.

– Біздің отандық шеберлерде оқуды қалта көтере бермейді. 300 мың теңгеден төлеп, оқып шығу оңай ма? Көбіне мүмкін емес. Сондықтан «Атамекен» ҰКП көрсеткен көмекке разымыз. Негізі елордада әділдік бар. «Атамекен» бизнес жоспарыңды дәлелдесең грант береді, қайта­рым­сыз несиесі де бар. Әуелгі жолың­нан ауытқымай, берген қаражатты той­ға, иә басқаға жұмсап жібермей, жұ­мыс жүр­гізгеніңді көрсетіп отыр­саң болды. Ал өңірлердегі қыз­дар­ға өте қиын. «Бармақ басты, көз қыс­тымен», таныстықпен бөлінеді деп жылайды. Гүлжанат екеуміздің бағы­мызға Нұр-Сұлтанда тазалық бар, көзі жанып тұрған, ынталы жан­ға қолұшын беретінін бай­қадық. Жуырда «Атамекен» алда 5 жыл­дық жоба бар екенін айтып, соған қатысуға шақырды. Оған ин­но­вациялық бизнес жос­пар қажет. Ал біздің қиялымыз ин­но­­ваци­яға жетіңкіремей тосы­лың­қырап отырмыз, – дейді Рабиға.

Бірер адамға болса да табыс тауып, жұмыссыздықпен күре­се­тін осындай игі іс алдағы күнге үміті мен сенімін нығайтты. Қа­зір ше­бер­хана есігі бір жабыл­май­ды. Бар­лығын тігеді. Сырт киім, үй жаб­дығы дейсіз бе, көй­лектер­дің сан түрін, ерлер киім­дерін тіге­ді, өң­деу (реставрация) жасай­ды. Бір келген жанның қай­тып соқ­пай­тыны жоқ. Тіпті үнемі тікті­ріп киетін клиенттер базасы да қалыптасты.

– Күйеуім қазір зейнеткер, 3 баламыз бар. Гүлжанат 5 баласын Қажымұқанда қалдырып алыстан қатынаса, мен жақын жерден еңбек­тенемін. Бәлкім көп жылғы елдің түкпір-түкпірінде жүрген күндердің өтеуі болар, – деген Рабиға қарекетті қолдайтын адамдар бірігуінің үлкен күш екенін айтып берді.

Яғни, тігінші қыз-келіншек­тер­дің ортақ чаты сондай орта болып қалып­тасыпты. Бұрын апта са­йын 1 мың теңгеден салса, қазір айына 5 мың теңгеден салады. Айдың ая­ғын­да инстаграмда тікелей эфирде әр қатысушының аты-жөні, қаласы жа­­зы­лып, шыны ыдысқа салынады. Со­ның ішінен кішкентай бала бір қағазды алып шығады. Кімнің аты шықса, соған қаражат аударылып, ол өзіне қажетті мәшеңкесін алады. Осы­лай жеребе тарту арқылы қан­шама адам қолы жетпеген дүниесін алды.

Қос құрбы қарап отырмайтынын айтады. Тіпті карантин уақытында да бетперде тігіпті. «Ертең карантин басталады дегенде тапсырыс түсті. Содан күн-түн демей екі күн отырып, тап­сы­рыспен 500 тұмша тігіп өткіз­дік. Одан мәшеңкені үйге алып кетіп, үйден тапсырыс орын­дап нә­тижесінде карантин деп пә­лен­дей қиналмадық» дейді тігіншілер.

– Мұғалімдікті қойып, тігінші­лікке көштім дегенде бауырларым: «Сағым қума, мамандығыңа орал» деп ұрысты да, күлді де. Бірақ мен жолымды енді таптым. Білесіз бе, мен үйінде тек аузын ашып, қарап отыратын келіншектерді түсінбеймін. Торт пісірдім деп айттым ғой. Сонда күнде таң алаңынан тұрып, үлкен етіп балды торт пісіріп, оны 21 тең бөлікке кесіп турап, 304 автобусының соңғы аял­дамасындағы дәмханаға, әр бөлігін 180 теңгеден өткізетінмін. Олар 220 теңгеден сатып, кешке ақшасын береді. Сондай-ақ қосымша тапсырыстан түсетін торттар бар. Сөйтіп отбасымыздың бюджетін толықтырып отырдым. Ол кезде «Лесная поляна» шағын ауданында пәтер жалдап тұрдық. Қазір қала ір­ге­сінен жер алып, Қажымұқан ауы­лын­­да үй салып жатырмыз, – деген Гүл­жанаттың сөзін Рабиға жалғады.

«Біз халыққа қызмет көрсету ар­қылы өзімізге де жақсы жол ашып жүрміз. Топты тапсырыс келсе қуа­нып қаламыз. Өйткені қол жат­тыға­ды да өнімді болады. Өткенде бір дәм­хана үшін 40 алжапқыш тігіп шық­тық. Тез әрі сапалы орындалды деп қуанды. Қарекетте қайырдың бар­ы рас, – дейді қос шебер.