• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2020

Итбалықтың өліміне тұрғындар кінәлі емес

552 рет
көрсетілді

Өткен аптада Маңғыстау облысында тағы бір итбалықтың өлексесі табылды. Соңғы кездері өңірде итбалыққа қатысты мәселе жиілеп кетті. Бірінде итбалық адамдарды тістесе, екіншісінде тұрғындар оларға күш көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын итбалықтардың жаппай қырылуы орын алып, әлеуметтік желіні шулатқаны есте.

Ел арасындағы тентектердің оспадар әрекеті бүгінде Маңғыстауда итба­лықтарды сілейте сабап, теңките өлтіріп жатқандай көзқарас қалыптастырғаны өкінішті. Алайда Каспий теңізінің жағалауындағы тұрғындар үнемі итба­лықтармен текетіреске түсіп, жоқ жер­ден «жау» тауып алып, айқасып жүр деген ой тумауы керек. Телі-тен­тек қайда да бар, итбалықтар мен адам­дар арасында орын алған жағдай – бүкіл Маңғы­стау тұрғындарының кел­­беті бола ал­­майды және барлық адам итбалық са­бауға ынталы емес. Итбалықтың оқыс өлімі тіркелсе, қыс айла­рында теңізге келетін аққуларды қуана қарсы алып, жағалауға барып жем шашып, олармен суретке түсіп мәз-мейрам болатын, далада қал­­ған сыңар аққуларды іздеп та­уып арнайы көлікпен Ақтауға алды­рып қамқорлық танытатын, арыстанды да қолға үйретіп Алматы зообағына сый­лаған тұрғындарды «жануарларға жаны ашымайтын  қатыгез» сынды күстәналаудың қажеті жоқ.

«Өзекті жанға – бір өлім» демекші, итбалықтың өліміне мүмкін, кәрілік, мүмкін теңіздегі әлдебір жайсыздық, денсаулығының ақауы себеп болуы мүмкін ғой...

Итбалық сабауға қатысты әңгіме соңы саябырси бергенде теңіз жағала­уынан өлі итбалықтың табылуы тағы бір әңгіменің шетін көтеріп ала жө­нелді. «Kazakh Tourizm» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Каспий теңізінің жағалауын аралау барысында «Менің алдымда жатқан денеде екі жарақат бар, оның өлтірілгенін көруге болады. Не үшін? Бұл жануар мүгедек сияқты қозғалады, неге оған қол тигізеді? Көбісі ақымақтар, одан да найзамен қабанға, қасқырға барыңыз... Ақымақсыздар, сіздер!» деген ашулы жазбаны әлеуметтік желіге жариялады.

Мәселеге орай сұрау салғанымызда «Маңғыстау облысы Қарақия ауданы­ның теңіз жағалауында өлген итбалық туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, кейбір бұқаралық ақ­парат құралдары бұл ақпаратты кө­шіріп жарыса жазған. Белгілі бол­ған­­дай, елордалық Ержан Еркінбаев Маң­ғыстауға келіп өлген итбалық ту­­­ралы фейсбук әлеуметтік желісінде пост жариялаған. Аталған дерек бо­йын­ша Маңғыстау облыстық орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының мамандары оқиға орнына барып, итбалықтың әдейі өлтірілмегенін анықтаған. Өлген ит­балықты құстар шоқып тастаған. Ал­дын ала болжам бойынша, су жануарын тол­қынмен теңіз жағаға лақтырған. Итбалықтың нақты неден өлгенін білу мақ­сатында терісін алуға әрекет жа­са­ғанымен нәтиже болмады. Себебі тері әбден іріп кеткен» деп хабарлады инс­пекция мамандары. 

Каспий теңізіндегі итбалықтардың өлімі болмай тұрмайтын құбылыс – жаппай қырылу орын алған сәттер де болған. Саны жылдан-жылға азайып бара жатқан жануардың топтық емес, жекелеген өлімінің өзі жан ауыртады, әйтсе де тұрғындарды тілдеудің реті шамалы. Теңіз жағалауындағы жұрт итбалықпен өштессе, тұқымын тұздай құртқан болар еді. Бүгінге дейін аз да болса тұқымының жетіп жүргені – Каспий теңізіне әкеліп кефал балығын жерсіндірген жергілікті жұрттың жана­шыр­лығының арқасы.

 

Маңғыстау облысы