Егін орағын еңсеріп тастаған ақмолалық диқандардың бар назары қырмандағы қызылға ауған. Ендігі мақсат – бидай сұрыптарын іріктеп, жауынға ұрындырмай қамбаға құйып алу. Келер көктемдегі тұқымға мән беру.
Асылында мол өнім алудың алғышарттарының бірі – тұқым. «Каменка және Д» серіктестігі облыстағы бидай тұқымын дайындайтын шаруашылықтардың бірі. Ырыстың алдымен тұқымға байланысты екендігін дәлелдей кетелік. Қазір шаруашылықтағы соңғы 637 гектар алқаптың айналым берекесі 35 центнерге жуықтап отыр. Шынтуайтында, бұл – өңірдегі ең озық көрсеткіштің бірі. Құрғақшылыққа төзімді, ыстықтан ықпайды. Дәл биылғыдай жылы егетін-ақ тұқым. Ерте көктемде «боевчанка», «орал-сібір» қатты бидай тұқымын құнарлы топыраққа сіңірген диқандар қоңыр күзде мәуелеп өскен егін орағының жемісін көруде. Орақтың алғашқы он күнінде Атбасар элеваторы мен серіктестіктің өз қоймасына 30 мың тоннадан астам сапалы астық құйылды.
– Соңғы жылдары алқап көлемін көбейттік. Агротехникалық шараларды озық ғылыми жетістіктермен ұштастыра жүргізуге мән береміз, – дейді серіктестіктің бас директоры Алексей Джейранов, – екі жылда бір рет демалдырамыз. 30 пайызын парға қалдырып, тыңғылықты өңдеп, тыңайтамыз. Онсыз болмайды ғой. Есесіне бидайдың қамырлылығы 38 пайызға жетіп отыр. Сапалы астыққа сұраныстың да көп болатыны белгілі.
Серіктестіктің егістік алқаптарында Қостанайда жиналатын 13 «Есіл» комбайны бидай бастыруда. Бір қуантарлығы, комбайн тізгінін кілең жастар ұстаған екен. Соңғы жылдары шаруашылықтарда механизаторлардың жетіспейтіндігі туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Ал бұл серіктестікте ілкіден қалыптасқан еңбек дәстүрі жақсы жалғасын тауыпты. Жастардың бейнетті еңбекке ұмтылуы жалақының молдығы және қолайлы жағдайдың жасалғандығынан шығар деп топшыладық.
– Талай жылдан бері күзгі орақта комбайншы болып жұмыс істеймін. Әр күндік жоспарымды үш еседен асыра орындаймын. Күн сайын 60 мың теңгеден төлейді, – дейді озат комбайншының бірі Николай Поталчак, – дені сау адамға нағыз табыс табатын уақыт емес пе?
Аудан диқандары егін орағын күн ашық болса, бірер күннің ішінде аяқтамақ. Орташа есеппен гектар берекесі 10 центнерден айналуда. Биыл 424 мың гектар алқапта дән сепкен атбасарлық диқандардың көңілі көтеріңкі. Жаз қабағына қарағанда, өнім мүлде аз болар деп топшылаған. Тамыздың соңында екі рет жауған жаңбыр бидайдың бітік өсуіне сеп болыпты.
Егін орағын уақтылы орындау мықты механизатор мен алымды техникаға да байланысты. Аудандағы астық алқаптарында қазір 284 комбайн, 60-тан астам трактор, 58 жүк көлігі пайдаланылуда. Жекелеген шаруашылықтарда жап-жақсы өнім бар. Биыл 12 мың гектар жерге дән сіңірген «Полтавка-20» шаруашылығы небәрі екі аптаның ішінде күзгі дала жұмыстарын мәресіне жеткізді. Шаруашылық басшыларының айтуларына қарағанда, жауапты науқан алдында техника мұқият жөнделіп, қатарға қосылған екен. Оның үстіне өнім көлемі де ойдағыдай. Гектар берекесі 16 центнерден айналуда.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы