Елордада «JASTAR: ózekti másele» пікірталас алаңының алғашқы мәжілісі өтіп, сарапшылар Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы мен жастар саясатындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бүгінгі күннің басты мақсаты – сапалы ұлт қалыптастырып, халық дамуының жаңа парадигмасын құру екендігін атап өтті. Сондай-ақ ел алдында тұрған күрделі де, үлкен мәселелерді сәтті шешу үшін жаңа көзқарас, ортақ жүйе және жан-жақты қолдау қажеттігін еске салды. Осы орайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «JASTAR: ózekti másele» алаңы жұмысын бастады.
Ашық пікірталас ұйымдастырып, жаңа көзқарастарды бір арнада тоғыстыру үшін алғашқы мәжіліске жас та болса, тәжірибесі мол, ірі жобаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өз салаларында айтулы проблемалардың түйінін шешіп жүрген жастар шақырылды. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқат Ораловтың айтуынша, «JASTAR: ózekti másele» алаңы қоғамдағы түйткілдерді әр саладағы білікті мамандармен бірге атқарып шешу үшін таптырмас орын.
«Жаһандық пандемия қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен өзгерістер жасап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке түбегейлі түзету енгізді. Осы орайда Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы барлық түйткілді мәселелердің шешімін табуға серпін беруі тиіс. Президент адам капиталының дамуына да үлкен мән берді. Осы орайда ертеңгі қоғамның негізгі іргетасы бүгінгі өскелең ұрпақ, яғни жастар екенін ескеруіміз керек», деді А.Оралов.
Өз кезегінде мәжіліске қатысушылар Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылап, Қазақстан жастарының мәселесіне де тоқталды. Осы орайда сарапшылар тарапынан халықтың санасын жаңғыртуға бағытталған бастамалар да ұсынылды. Сонымен қатар пандемия кезінде жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де көтеріліп, әлеуметтік кәсіпкерлікке көңіл бөлуге шақырды. «Green TAL» әлеуметтік шеберлік қоғамының негізін қалаушы Эмин Әскеровтің пікірінше, бүгінгінің басты мақсаттарының бірі – патриот жастарды тәрбиелеп, саналы қоғам қалыптастыру.
– Пандемиядан туған дағдарыстың салдарынан қазір жұмыс орындары қатты қысқарып жатыр. Салдарынан ауылдарда маргинал жастар көбейіп кетті. Сондай-ақ шетелге біржола кетіп қалуды аңсайтын азаматтардың да көптігі алаңдатады. Осындай жағдайларға тосқауыл болу үшін елдегі экономикалық жағдайды жақсартып, жастардың санасын жаңғыртатын жобалар қажет. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Олардың саны Қазақстанда 250 ғана. Салыстырмалы түрде айтайық, Ұлыбританияда 70 мың әлеуметтік кәсіпкерлік топ тіркелсе, АҚШ-та олардың саны 160 мыңнан асады екен. Әлеуметтік бизнес тұтынушылардың нақты бір проблемаларын шешу мақсатында пайда болып, қоғамның әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешеді. Сондықтан мұндай жобаларды қолдау арқылы біз халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартамыз, – деді Э.Әскеров.
Мәжілістің қорытындысы бойынша сарапшылардың барлық ұсыныстары салалық мамандардың өңдеуіне беріліп, әрі қарай жүзеге асырылуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ басқармасының төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін қоғам болып бірігіп, көзі ашық, бәсекеге қабілетті жастарды бірлесе тәрбиелеуіміз қажет.
«Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 3 жыл және оның басты ұстанымдары көп жағдайда жастарға арналған. Сондықтан жастар саясаты тұрғысындағы мәселелерді шешу және қоғам арасындағы байланысты орнату құнды дүние. Осындай пікірталас алаңдарын ұйымдастырып, жастардың заманауи көзқарасы арқылы қоғамның түйткілді мәселелерін оңтайлы шешуге әбден болады», деді Д.Есин.
Дөңгелек үстелге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Жастар» ҒЗИ директоры Аян Сакошев, Парламент Сенаты аппарат жетекшісінің орынбасары Максим Споткай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Жоғарғы Сот аппараты жетекшісінің орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов, Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Жаңабеков, сондай-ақ ғылыми және шығармашылық қоғамдастықтың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.