Киборг-қоңыздары қашықтан берілген бұйрықтарға бағынып, қимылдап, тіпті ұша алады. Мұның бір мысалы ретінде «DARPA» ғылыми-зерттеу агенттігінің робот-жәндіктерін айта аламыз. Ең алғашқы тәжірибеде зерттеушілер миниатюралық схемалар құрып, оларды қоңыздарға қосып, бос жіберді. Импульстер аяқтардың, қанаттардың,төменгі жақ сүйектерінің қозғалысына жауап берді. Жарық диодты жолақтың көмегімен олар қозғалыс бағытын анықтай алды. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл қоңыздың кішкентайы – 2-2,5 см. Оны табиғи апат орындарындағы ұсақ жүйелер мен өзге де нысандарға жіберуге болады.
Сейбл аралы
Ғаламда құпия көп. Табиғат жасырынбақ ойнауға құштар. Атлант мұхитындағы Сейбл аралы – соның дәлелі.
Себебі аралдың ұзындығы – 42 км, ені небәрі – 1,5 км. Аралдың кез келген нүктесінен мұхиттың екі жағын да көруге болады. Құмды мекенде 1 800 жылдан бері 350-ден аса кеме суға батып, қанша адам ізім-ғайым жоғалған. Аралдың атауы ағылшын тілінен аударғанда «жоқтау, қара» дегенді білдіреді. Жаңа Шотландиядан оңтүстік-шығысқа қарай 180 км қашықтықтағы бұл жер Канадаға тиесілі. Кішкентай ғана арал былай қарағанда ирелеңдеген құртқа ұқсайды. Мұнда ағаштар да, дәнді дақылдар да, жануарлар да тамыр жаймаған. Тек жабайы жылқылар ғана осы құм төбелерін мекендейді. 300 жыл бойы жылқылардың тұқымы мұхиттың ортасында қалай аман қалғанын білгіңіз келсе, «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Сейбл жылқылары» мақаласын оқыңыз (10.01.2024).
Ең қарт түлек
Дипломын 96 жаста алған жапондық Сигэми Хирата ЖОО-ның ең қарт түлегі атанған.
Жапон азаматы университетке түсу-түспеуі жайында өмір бойы ойланған екен. Ақыры 85 жасында балалары мен немерелері оны оқуға түсуге көндіреді. Егде жастағы студент Киотоның дизайн университетінде 11 жыл бойы поэзияны оқып, ақыр соңында бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын 96 жасында бітірген жапондық азамат Гиннестің рекордтар кітабына да енді. Ол бұл жетістігімен шектелмей, 100 жасына ғылыми дәреже алуды жоспарлап отырғаны тіптен таң қалдырады.