• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2020

Композиторлар одағының кезекті ХVII съезі өтті

1036 рет
көрсетілді

Карантин талаптарына сай онлайн режимінде өткізілген жиынға еліміздің барлық өңірлерінен композиторлар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан композиторларының шығармашылық ұйымы 1939 жылы М.Төлебаев, Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, В.Великанов, С.Шабельский, Б.Ерзакович ұйғарымымен құрылған болатын. Одақты әр жылдары  КСРО Халық әртістері Қ. Қожамияров, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Е. Рахмадиев сияқты белгілі тұлғалар басқарды. Осы аралықта 52 опера, 17 балет қойылымы, сондай-ақ бірталай симфония, оратория, кантата, аспаптық музыка, романстар мен әндер дүниеге келді. Бүгінде Қазақстанда 3 опера және балет театры, 7 симфониялық оркестр, 18 халық аспаптар оркестрі бар десек, олардың репертуары негізінен ел композиторларының үздік шығармаларынан тұрады. Қазақ композиторларының туындылары қашанда ел тағдыры мен халықтың қуаныш-мұңының рухани айнасы болып табылады.

2007 жылдан бері одаққа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитор Балнұр Балғабекқызы Қыдырбек төрағалық етіп, қазақстандық композиторлар мектебінің мәртебесін арттыруға едәуір тер төкті. Осы жылдары отандық авторлардың шығармалары ел ішінде, ТМД және шет елдерде орындалып, заманауи туындылармен тыңдарманын тәнті етті.

Шығармашылық иелерінің сьезінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, композитор Серікжан Құтымбетұлы Әбдінұров ұжымның төрағасы болып сайланды. Жаңа төрағаның қоржынында "Көк бөрі аңыздары" балеті, "Аппақ" және  "Махаббатым менің" опералары, "Керей-Жәнібек", "Ұлы шеру" симфониялық дастандары, "Сақтар", "Бәйге" симфониялық күйлері және вокалдық, аспаптық шығармалар мен бірталай әндер бар.

Ұйым Жарғысына "Құрметті төраға" белгісі енгізіліп, бұл лауазымға композитор Балнұр Қыдырбек лайық деп  табылды.