• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ӨТКЕН ЖЫЛДАР ЕЛЕСІ

730 рет
көрсетілді

Сан мыңдаған боздақтардың өмірін қиып, сан мыңдаған от­ба­сына қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың тамырына балта шабылғанына биыл 65 жыл толғалы отырғаны баршамызға белгілі. “Бәрі де майдан үшін – бәрі де жеңіс үшін” деп елде қалған барша жұрттың тынымсыз еңбегі де жеңісті жақындатуға сеп болғаны сөзсіз. Мамыражай тірлікте күн кешіп жатқан қаршадай қарадома­лақ­­тар­дың балалық шағы осы алапат соғыс­қа дөп келіп еңбекке ерте ара­­ласты. Бұғанасы қатпаған бал­ғындар таңның атысы мен күннің батысы қара жұмыста болды. Ел басына түскен осынау нәубет соғыстың зардабын тарт­паған отбасы жоқ шығар, сірә. Солардың бірі – біздің әулет. Уақыт өткен сайын сол кездердің елесі көз ал­дыңа сол күйінде келе бере ме қалай? Әсіресе, ол Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жиі ойға оралады. Енді сол жылдарға шегініс жасап көрейін. Мен бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында туып-өстім. Тарихы ғасырды құраған елорда­дағы Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектепті бітірдім. Осы кез Рабиға Ғұмарова, Мария Қарабекқызы сынды ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Өздері көркем, мінезге бай, аяулы жандарды әліге дейін жадымнан шығарған емеспін. Алаңсыз білімге бой алдырып жүрген шуақты күндердің бірінде: “Соғыс басталыпты!” деген суық сөз жетті. Соғыс туралы тарихтан ғана оқитын біз үшін осы бір суыт хабарды естігенде балалық бал дәуреніміз өзіміз асыр сала ойнап жүрген Есілдің суымен бірге ағып кеткендей әсерде болдық. Үйге кел­сем, анам Дәулет пен көрші апалар жылап жүр екен. Сонда ғана соғыс­тың не екенін түсінгендей болдым. ...Көп кешікпей әкемнің інісі Төлеубай ағамды қазіргі Астана теміржол вокзалынан майданға шығарып салдық. Вокзал маңы қоштасуға жиналған қарақұрым халық. Ағамның артында алты айлық ұлы мен жары қалды. Ұлын соңғы рет емірене иіскеп тұрып ағам жеңгеме: “Мына баланы дұрыс тәрбиеле”, – деп тапсырған-ды. Амал нешік, Төлеубай аға сол кеткеннен мол кетті, оралмады. Жеңгем көпке дейін бізбен бірге тұрды. Кейін ата-анасы шақырып сонда тұрып, бертінде ұлы да, өзі де дүние салды. Төлеубай ағаны аттандырғаннан кейін көп ұзамай анамның туған інісі Текен аға да соғысқа кетті. Оны да екі баласы, әйелі және біз жылап шығарып салған едік. Онда да жылап-сықтаған қара халық. Бірі бауырын, енді бірі әкесін жіберіп дегендей... Әйтеуір пойыз жүріп кеткенше шулаған дауыстар... Қатал тағдыр нағашыма да туған жер топырағын бұйыртпады. Нағашымның алғаш шайқасқа кірер алдында жазған мына бір өлең шумақтары хатпен келген еді. Туған соң өмір де бар, өлім де бар, Зат емес, бұл екеуі сатып алар. Тұрмыстың қай жағында жүрсеңдағы, Жазмышта осы екеуінің бірі болар. Хош болып тұр ата-ана көріскенше, Кездесіп, сәлемімді беріскенше. Белгісіз қай араға тоқтайтыным, Жүрміз біз Батыс жақтың жерлерінде. Мәжіра тете өскен жеңгетайым, Болдың ба, амандықта қалай жайың. Ойынмен түлеп өсіп жүрсіңдер ме? Рауза, Совет, Сәбит, Бағатайым. Осы хатты оқығанда үйімізде көңілі босамаған жан қалмады. Маған жаттатып қайта-қайта айтқызатын еді марқұм әжем. ...Әкем Әкпар еңбек армиясына алынып, одан 1944 жылы басынан ауырып елге оралды. Алайда ауруы жиі меңдей берді... Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмолаға Украина жерінен 165 кісісі­мен № 317-әскери зауыт кө­шіп келіп, соғысқа керекті құрал­дар жасады. Зауыт директоры Н.А.Муравьев деген азаматқа өті­ніш жазып, оқушы болып жұмысқа тұрдым. Бір кило нанды тізіммен береді. Ішінде үлкен пеші бар цех темір­лерді балқытып, деталь қа­лып­тайды екен. Мен соғыс біт­кенше осы зауытта жұмыс жасадым. Халықтың көптен күткен: “Соғыс бітті!” деген сөзін алғаш есті­гендегі жүрек толғанысын тіл­мен жеткізе алмаспын. Се­нерімді, не сенбесімді білмей аң-таң күйде қалыппын. Бәрі де қуаныштың әсері ғой. Содан митинг болып жат­қан жерге барып, жеңістің кел­генін толық сезіндік. Сол күнгі елдің қуанышында шек болған жоқ. Соғыста қайтыс болған туыстар да естен шығарылмады. Бес жылға жуық болған алапат елге өз ауыр­лық ізін тастап кетті емес пе? Ол кезде бейнет жасаған азамат­тардың кейбірі әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Осы жағы мені сәл қынжылтады. Соғыс бір жағынан балалық шағымыздың шаттыққа толы күндерін азайтса, бір жағынан ең­бек­ке шыңдады. Сол еңбектің арқасында біршама жетістікке жеттім деп ойлаймын. Жолдасым Сәлкен Түгелбаев Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер. Ереймен жерінің тумасы. 1939 жылы Ақмола қаласынан міндетті әскерге алы­нып, соғыс басталысымен сол ала­пат­қа кірген. Фин, Жапон соғыс­тарынан кейін елге 1947 жылы оралды. Екінші топтағы мүгедек еді. Майдандас достарымен кездесе қалса, сол кездері бастарынан кешкен азапқа толы жылдарын көздеріне жас ала еске түсіретін-ді. Соғыс атаулыны ұрпақтарымыз көрмесе екен деп тілейтін. Қазір қарап отырып, бүгінгі күнге тек шүкіршілік айтудан бір сәтке де жалықпаймын. Кейде Ереймен елінен келіп, кір жуып, кіндік кескен, оқып алғаш еңбек жолымды бастаған Астананың жанып тұрған самаладай шамдары, оның жарқын болашағын көз ал­дыма елестет­кендей. Есілдің бойы­на орнатылған Кенесары бабаның ескерткіші де өте орынды қойылған деп ойлаймын. Еліміздің болашағы үшін жар құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген азаматтарымызға тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже мен отандас­тарыма Ұлы Жеңіс мерекесі қар­саңында тек жақсы тілектер тілеймін. Сәбилердің шат күлкісі тиылмай, балалық шақтың бал дәмін татсын деген аналық ақ батамды айтқым келеді. *1939 жыл. Міндетті әскер. Бірінші қатардан оң жақтан үшінші жатқан Сәлкен Түгелбаев. Ортада Михаил Хромов. Командирі жолдастарымен. Құсни ӘБДІРАХМАНОВА. Ақмола облысы, Ерейментау қаласы.