Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Комитеттер психологиялық қызмет туралы, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша ілеспе түзетулері бар, Қазақстан мен Аустрия үкіметтері арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Сауда байланыстары нығаяды
Мәжіліс ЕАЭО мен Ұлан-Батыр арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялады. Келісімге сай, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Моңғолия арасында сауда байланыстары нығаймақ. Әсіресе отандық тауарлардың Моңғолия нарығына кедендік баж салығынсыз шығуына жол ашылды.
– Келісім ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Сондай-ақ келісім 3 жылға жасалады және тағы 3 жылға автоматты түрде ұзартылады. Құжат техникалық, сонымен қатар санитарлық, фитосанитарлық, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау шаралары сияқты басқа да сауда мәселелерін қамтиды, – деді Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанель Кушукова.
Үкімет мәліметіне сәйкес, Моңғолиямен келісім аясында бизнес кедендік әкелу баждарының төмендетілген мөлшерлемелері бойынша немесе бажсыз (оның ішінде тарифтік квоталар аясында) дәнді дақылдар, құс еті, сүт өнімдері, бал, өсімдік майлары, қант, шоколадты-кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш өндірісі өнімдері, сулар, шырындар, джемдер, алкогольдік сусындар мен темекі өнімдері және тағы басқаларын экспортқа шығара алады. Сондай-ақ металлургия өнімдері, трансформаторлар, көлік құралдары, химия өнеркәсібі өнімдері және өзге өнімдерді жеткізуге рұқсат.
Бұған қоса, Ж.Кушукованың айтуынша, аталған келісім теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Республикалық бюджеттен де қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.
Бала бағатын әкелердің «уақыты» есепке алынады
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Аталған заңға түзетулер өткен жылдың 19 қазанында бірінші оқылымда енгізіліп, келісілген еді.
Заңға сәйкес, ұжымдық келісімшартқа жұмыс барысында орын алған апаттар жағдайлары мен жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынады, ал басшы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
– Құжат аясында қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді, – деді депутат Ерлан Саиров.
Сонымен қатар қабылданған заң аясында кәмелет жасына толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт енді жұмыс істемейтін әкелердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеледі. Тиісті нақтылаулар Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі. Сонымен қатар депутаттардың ұсынысымен, жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарға (жынысына қарамастан) қатысты еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланысты «жалғызбасты аналар» ұғымы «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі. Бұдан бөлек, мәслихаттардың құзыреті типтік ережелер негізінде «Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша толықтырылады.
– Заңда Келісу комиссиясының қызметіне делдалды тартуға, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін ара-қатынас туралы ережені белгілеуге қатысты, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізілді, – деді депутат Ерлан Саиров.
«Шығыс медицинасы» қауіп төндіріп тұр
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Астана қаласынан және басқа да өңірлерден «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға азаматтардан көптеп шағым түсетінін мәлімдеп, Үкіметке сауал жолдады. Оның айтуынша, кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып отыр.
– Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге – арамза молда» дегендей, қалтасын қампайтып алып, кетіп қалатындар да кездеседі. Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретіп отыр, – деді депутат.
Осыған байланысты А.Әлтай инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейтуді, шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуді, тіркелмеген препараттар мен онлайн-жарнаманы ведомствоаралық бақылауды күшейтуді ұсынды.
Ауыл халқының табыс көзі қысқармақ
Ал депутат Гүлдара Нұрым ауыл халқы үшін ақылы қоғамдық жұмыстар мыңдаған отбасының күнкөріс көзі, таңғы асын, баласының киімін, қыстық отынын қамтамасыз етіп отырған нақты табыс көзі, сондықтан уақытша жұмысты қысқартуға болмайтынын Үкімет назарына жеткізді. Айта кетсек, бұған дейін ақылы қоғамдық жұмыстарды қысқарту туралы сөз қозғалған еді.
Депутаттың мәлімдеуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №395 бұйрығы «жалақысы аз адамдар саны қысқарады» деп бағалануы мүмкін. Алайда бұл ауылдағы жұмыссыздардың саны көбейеді деген сөз. Өйткені шалғай ауылдарда тұрақты жұмыс орындары пайда болып жатқан жоқ. Қысқарып жатқан – ауылға бөлінетін квота. Ал квота қысқарса, ауыл адамының қолындағы соңғы мүмкіндік те жойылатыны түсінікті.
– Ауылдық жерлерде көптеген отбасылар ақылы қоғамдық жұмысқа қарап отыр. Себебі басқа амал жоқ. Зауыт жоқ, фабрика жоқ, кәсіпорын жоқ. Тұрақты жұмыс болмаған соң халық әкімдіктің табалдырығын тоздырады. Ал әкімдіктің ұсына алатыны – уақытша қоғамдық жұмыс қана. Енді сол уақытша жұмыстың өзін қысқартсақ, ол адамдар қайда барады? Баласын қалай асырайды? Қысқы отынды қайдан алады? Қазірдің өзінде ауыл босап жатыр. Жастар қалаға кетіп жатыр. Бұл – сән емес, амалсыз қадам. Ал жұмыссыздық күшейсе, бұл үдеріс тіпті үдейді. Бұл – әлеуметтік наразылыққа, ішкі көші-қонның күшеюіне, кедейшіліктің тереңдеуіне апаратын жол, – деді депутат.
Г.Нұрым аталған бұйрықтың қазіргі редакциясы биылдан бастап халықтың елеулі бөлігін жұмыссыз қалдыру қаупін тудырып отырғанын айтады.
– Бұл – жай болжам емес, өңірлерді аралап жүрген адам үшін көзге көрініп тұрған шындық. Халықпен кездескенде адамдардың көзіндегі үміт пен үрейді көріп жүрмін. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға, «есепке сыймайды» деп ысырып тастауға болмайды. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде еңбекке қабілетті халық саны 9,7 миллионнан асады, соның ішінде 450 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Бұл – тек тіркелгені. Бұл – тек Үкіметтің есебі ғана. Ал ауылдағы бейресми жұмыссыздықты есептесек, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінеміз, – деп депутат ауылдың жанайқайын жеткізді.
Сондай-ақ депутат Ерболат Саурықов ауылдарда тұрғын үй тапшы дейді. Оның айтуынша, халықпен кездесуде ауыл халқы, әсіресе жастар мен жас отбасылар, «үй болса, ауылда қалар едік», «тұратын баспана жоқ болғандықтан қалаға көшуге мәжбүрміз» деген уәждерін ашық айтып, мәселе көтерген.
– Бұл мәселе ауылдан жастардың жаппай көшуіне, кадр тапшылығы мен ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлсіреуіне әсер етіп отыр. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгенімен, тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталған мақсатты бағдарламалар ауылды сақтап отыр, – деді Е.Саурықов.
Осыған орай, ауылдардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, ауылдық елді мекендердің бірыңғай картасын әзірлеу қажет дейді депутат. Бұл карта әр ауылдың даму бағытын айқындауға, тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік қолдау шараларын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауылда жұмыс істеп, сол жерде үй салып, тұрмысын жақсартқысы келетін жастар мен жас отбасыларды қолдауға арналған «Туған жер, туған ел, өз ауылым» секілді арнайы жобаларды енгізу қажет.
Оқушылар демалысы тасада қалып жатыр
Депутат Нұргүл Тау елімізде жыл сайын жаз айларында ғана көтеріліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәселенің бірі балалар лагерьлерінің саны қысқарып, қауіпсіздігі сын көтермей тұрғанына тоқталды. Депутат келтірген мәліметке сәйкес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 500-ге жуық балалар лагері болған, ал бүгінгі күні олардың саны екі жарым есеге азайған. Елімізде жалпы балалардың саны 7 млн-ға жуық, мектеп жасындағы балалар саны 4 млн-нан асып отыр.
– Сұранысқа сәйкес жекеменшік сектор заман талабына сай, бала демалысына қолайылы етіп, өз жер телімдеріне қала сыртындағы лагерьлер салып жатыр. Алайда олардың жұмысы жүйелі түрде заңдастырылып, бизнес субъектілерінің құқығы қорғалмайды, сондай-ақ мемлекет тарапынан лайықты қолдау таппай, бұл сала кенжелеп қалып отыр. Сол себепті нарыққа пайда көздеген кәсіпкерлер ғана еніп, материалдық-техникалық базасы өте төмен, мамандарының кәсіби құрамы сай келмейтін балалар лагерьлерін ашып, төмен сападағы қызмет көрсетіліп жатыр. Бұл жағдайлар жекеменшік балалар лагерьлерін бақылау мен лицензиялау жүйесінің жоқтығы мемлекеттік саясаттағы олқылық екенін көрсетеді. Лицензиялау өткен жылдан бастап енгізілуге тиіс еді, алайда кейін бұл талап биылға шегерілген, – деп дабыл қақты депутат.
Депутат Самат Нұртаза да балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр.
Осыған сәйкес, депутат Үкіметке білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай стандартын әзірлеп, енгізуді ұсынды.