• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2020

Көкпектіде саябақ ашылды

741 рет
көрсетілді

Тоғыз жолдың торабында тұрған Көкпектінің күннен күнге көркейіп келе жатқанын көз көріп отыр. Дәл қазіргі уақытта бұл ауылға көшіп келіп жатқандар болмаса, табан аударып кеткендер ілеу де біреу. Кеше ғана «Ауыл – ел бесігі» атты жоба аясында тұрғындардың игілігі үшін гүлге оранған үлкен саябақ ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Саябаққа ғұмыр бойы елі, жері үшін еңбек еткен Құдайберген Нұрғалиевтың есімі берілді. Жол саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, егеменді еліміздің «Құрметті жолшысы» атанған Қ. Нұрғалиевтың ерен еңбегін қызы Гүлназ Құдайбергенқызы жалғастырып жүр. Әке аманатын арқалап жүрген қыз саябақ салып, ауылдастарына сыйға тартты, бұрынғы Южный көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Жол жиегіне тротуар төседі. Елім деп кеткен ер есімі ертеңгі ұрпақ жадында сақталсын деген ниетте ауыл тұрғындары бір ауыздан Южный көшесіне Құдайберген Нұрғалиевтың атын берген.

Санитарлық талаптар сақтала отырып, саябақ пен көшенің ашылу салтанатына ауданның басшылары, құрметті азаматтары, Құдайберген Нұрғалиевтың әріптестері келді.

- Құдыш ағамыз халқын ойлаған азаматтардың бірі еді. Жаздай жол жөндесек, қыстай қар тазалайтынбыз. 2010 жылы қыстың боранында жолдағы қармен алыстық. Сонда ағамыз «жолдарды халық риза болатындай етіп қашан жөндейміз» деп мазасызданатын. Бұйырса Құдыш ағамыздың арманы орындалып келеді. Жолдар жөнделіп жатыр, - деді Республикалық автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов.

Өмірін жол саласына арнаған асқар тау әке үш қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары әке атына кір келтірмей ел алғысына бөленген. «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы Гүлназ Нұрғалиева туған жерін абаттандыру үшін зор еңбек атқарып жүргенін ауылдастары мақтанышпен айтады. Сондай-ақ, "Көкпекті Жолдары" ЖШС аясында «Асфальт-бетон қоспаларын өндіру» зауытын іске қосқан. Зауытта асфальт-бетон қоспаларының ыстық және суық түрлерін шығарады. Қиыршық тасты ұсату цехы да жұмыс істеп тұр. Нәзік жандылардың мұндай іспен айналысулары сирек. Енді міне саябақ салды. Саябақтың төрінде жер шарының белгісі тұр. Қыздары тұғырға әкесінің мүсінін қойса да болар еді, бірақ жер ортақ, саябақ ортақ болғандықтан жер шарының белгісін қойыпты.