• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2020

Роман Скляр жұмыс сапарымен Алматы облысына барды

203 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған топ және вице-премьер Роман Скляр Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасын орындау аясында Үшарал – Достық және Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолдарының құрылысымен танысып, Талдықорған қаласында салынып жатқан бірқатар нысанды аралады, – деп хабарлайды  Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 287-615 шақырымын қалпына келтіруге 905 техника мен 1847 жұмысшы күш жұмылдырылған. Жолдың жалпы ұзындығы 313,5 шақырым. Жол құрылысын қайта жөндеу жұмысы 115 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 9 897 мың м3 жер жұмыстары аяқталған. 150,7 шақырым астындағы қабат, 135,8 шақырым төменгі негізгі қабат, 126 шақырым жоғарғы базалық қабат болса төменгі қабаттың ұзындығы 117,8 шақырым.

Үшарал – Достық жолын қалпына келтірудің жалпы құны 12,6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда нысанға 265 адам мен 144 техника жұмылдырылған. Биыл 30 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарлануда (учаскесі 30-60 шақырым). Екі нысанды да 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Вице-Премьер Роман Скляр Талдықорғанға жұмыс сапары кезінде 200 орынды модульді аурухана құрылысының жұмысымен танысты. Жоба директоры Арман Кабұлқастың айтуынша, нысанның жалпы ауданы 6760 шаршы метрді құрайды. Ауруханада қабылдау бөлмесі, босану, зертхана, жансақтау бөлімдері және кішігірім ота жасайтын бөлме бар. Қазіргі кезеңде аурухананың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нысандағы тамақтану, кір жуу бөлімдері жайлы мәселелер пысықталды. Құрылыс кезінде медицина қызметкерлерінің тілектері ескеріліп, басты назарға алынған. Бүгінгі күнге нысанның қаңқасы, қабырғалары тұрғызылып, шатыры жабылып, инженерлік желілердің шамамен 85%-ы орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қажетті медициналық жабдықтардың 80% жеткізілген.

Жаңа ауруханада көпшілікке сапалы қызмет көрсететін кадр мәселесі де басты назарда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, 82 резидент бар. Олардың ішінде инфекционисттер, пульмонологтар, реаниматологтар, анестезиологтар бар. Резиденттер жергілікті бюджет есебінен оқиды. Амандық Баталов қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа келер жылы кем дегенде 60 пәтерлі көппәтерлі үй салу үшін алғашқы жұмыстарды биыл бастауды тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қалада медицина қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі баспана салынып, пайдалануға берілген болатын.

Облыс орталығындағы әлемдік деңгейдегі жүзу бассейнінің құрылысы вице-премьердің назарынан тыс қалмады. Мердігер «Базис Констракшн» компаниясының басқарушы директоры Мұстафа Афраиловтың айтуынша, жұмыстың бірінші кезеңі толығымен аяқталған. 10-15% интерьердің сырлану жұмысы ғана қалған. Ғимараттың жарықтандырылуы пысықталып, жұмыстың екінші кезеңі басталып, 3 гектар аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Облыс әкімі Амандық Баталов атап өткендей, бассейн аумағын жақсарту «Жастар» саябағының абаттандырылған аумағымен біртұтас үйлесімді композицияны құра алады.

Жұмыс сапардың келесі нысаны коттедж қалашығы болды. Кезекте тұруға арналған тағы 71 саяжай пайдалануға беруге дайын.  Барлық үй орталықтандырылған газбен жылытуға қосылған. Жыл соңына дейін 349 үй салынады деп жоспарлануда.

Вице-премьердің Роман Скляр Қаратал өзенінің жағалауында болып, ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде пайдалануға берілген 280 орындық студенттер жатақханасының ішкі орналасуымен және орталық қалалық алаңның абаттандырылу жұмысымен танысты.