Биылғы сегіз айда 18 мыңға жуық тұрғын жүргізуші куәлігін ауыстырыпты. Бірақ Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарының тұрғындары жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін Атырау қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына шапқылаушы еді. Сөйтіп қаржысын шығындап, уақытын жоғалтуға мәжбүр болатын.
Енді олар өздері тұратын аудандағы осындай орталықта куәлікті жаңарта алады. Тіпті дайын құжатты поштамен алдыруына мүмкіндік жасалып отыр. Осы мақсатты көздеген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ пен «Қазпошта» АҚ-тың Атырау облыстық филиалдары арасында екіжақты ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.
– Шалғай аудандардың тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беріп, тұрғылықты мекенжайын көрсетеді. Біздің қызметкерлер өтінішті мемлекеттік органға жолдайды. Құжат дайын болған соң Атырау қаласынан поштамен қызмет алушының үйіне дейін жеткізіледі. Ал пошташы қолдану мерзімі өткен ескі құжатты кері алып кетеді. Бұл – сапалы қызмет көрсетудің бір тетігі, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ өңірлік филиалының директоры Мұса Хайруллиев.
Құжатты жеткізіп беру қызметінің құны қымбат емес. Тапсырыс беруші бұл үшін 470 теңге төлейді. Ал пошташылар аудандарға күн сайын қатынайды.
Атырау облысы