• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2020

Таразда тағы бірқатар нысандар салынады

859 рет
көрсетілді

Бүгінде екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарын түрлендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда, тарихи қаланың сәулетін арттыру жұмыстарына М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік өңірлік университетінің студенттері де өз үлесін қосуда. Қазіргі кезде өңірдің жас сәулетші, мүсінші, дизайнерлері мен аталған жоғары оқу орнын бітіруші түлектер Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының "Сәулеттік бюро" мекемесінен тәжірбиеден өтуде, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Мәселен, ТарМУ студенті Бақтыбай Күмекбаев Тараз қаласының оң имиджінің қалыптасуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және туристік қызметтердің нарығындағы беделін көтеруге, сондай-ақ, ықтималды перспективалық ішкі туризмнің дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында шеберлігін шыңдауда. Ол Тараз қаласындағы мәдени-тарихи мұраны, табиғи ерекшеліктерді және жаңа даму үрдістерін толығымен ескеретін логотипін жасап, дизайнер-сәулетшілер арасынан оза шыққан болатын.

Аталған "Сәулеттік бюро" мекемесі 2018 жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен құрылған. Содан бері қаладағы көптеген саябақтар, скверлер мен тарихи орындар жөнге келтіріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Бұл күнде Б.Момышұлы атындағы "Жеңіс" саябағы, Т.Рысқұлов атындағы, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар мен "Желтоқсан толқыны" саябағы, "Жастар" аллеясы ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Сонымен қатар, теміржол вокзалының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Үшбұлақ жағажайы», «Тектұрмас» этно-тарихи кешені және "Шахристан" этно-мәдени кешені бой көтерді. Тараз қаласында алғаш рет "Арбат" жаяу жүргіншілер жолы салынды.

"Қазіргі таңда бұл бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдап, жалғастыруда. Ағымдағы жылдың  бірінші жартыжылдығында облыс әкімінің бастамасымен Тараз қаласы мен аудандар аумағын дамыту, абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Мәселен, облыс орталығы Тараз қаласын дамыту, көркейту мақсатында "Тектұрмас" этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі жалғасуда. "Көне Тараз" кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстыратын Арбат-1 жолының, Әйтеке би көшесінің бойынан "Анаға тағзым" орталығының, қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және сәулеттік келбетін ашатын мурал суреттерінің эскиздік жобалары әзірленіп, қазіргі таңда құрылыс-монтаж, әрлеу жұмыстары жүргізілуде", дейді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.

Сонымен қатар, еліміздің бірлігі мен татулығын насихаттайтын «Біз біргеміз!» монументі короновируспен күрескен азаматтарға арнап орнатылуда. Басқарманың мәліметінше, ғимараттардың сыртқы қасбеттерін заманауи талапқа сәйкестендіру мақсатында, аудандардағы мектеп, балабақша, емхана, мәдениет және спорт сияқты әлеуметтік нысандардың сыртқы қасбеттеріне ұсыныстар беріліп, аудан әкімдіктерімен тығыз жұмыс жүргізілуде екен.

Сол сияқты, Тараз қаласы, Төле би көшесінде орналасқан мектептің және "Оқушылар сарайының", сондай-ақ, Тараз қаласының сәулеттік келбетін дамыту, көріктендіру мақсатында 15-мөлтекауданынан жаңадан бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлердің, саябақтың және жағажайдың эскиздік жобалары жасалуда. Ал, Тәуке хан көшесі мен "Әулие Ата" халықаралық әуежайы қиылысынан бастап "Тараз-Арена" спорт кешені маңына дейін қала тұрғындары мен қонақтарына арналған спорттық ойын-сауық кешенінің жобасы жүзеге асады. Атап айтқанда, гүлзарлар, халықаралық стандарттағы мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, "Теннис" орталығы, қонақүй, аквапарк, мотобайк, багги, "Ралли" парк және тағы да басқа сауықтыру кешендерінің эскиздік жобалары "Сәулеттік бюро" мекемесімен әзірленген.

"Бүгінде Аққозиев және Сыпатай батыр көшелерінің аралығында Арбат-3 кешендері мен жаяу жүргіншілер жолақтары, "Дос-Нар" сауда орталығының маңынан "Қазақ халқына мың алғыс" монументі ел игілігіне берілуде. Бұл жерде қаламызда бұрын-соңды болмаған құрғақ субұрқақтар, қаланың түнгі көркін ашатын құс бейнесіндегі гирляндылар орнатылды.

Осы аталған жұмыстар "Сәулеттік бюро" мекемесіндегі дизайнер-сәулетшілердің еңбектерінің жемісі. Осыған орай, облыстың көркеюіне үлес қосуға ниетті немесе білімін шыңдауға талаптанған жас сәулетші түлектер мен студенттерге "Сәулеттік бюро" мекемесінен тәжірбиеден өтуге мүмкіндік бар», дейді басқарма басшысы.

 

Жамбыл облысы