Қарт тарих куә – былайғы жұрт байыбына барып, бағалай қоймағанмен, адамзатқа төніп тұрған қауіп қай кезде де аз болмаған. Солардың салдарынан көне замандардан бері әлемде неше түрлі дағдарыс орын алғанын білеміз.
Бұл орайда, «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, өзіміз өмір сүріп отырған XXI ғасырдың да тосын «сыйлары» аз болмайтын сияқты. Мәселен, ғалымдар біраз уақыттан бері әлемге төнген осындай сын, қауіп-қатерлердің қатарында жұқпалы ауруларды да атап келген еді. Енді, міне, сол болжам шындыққа айналды. Уыты өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус індеті аз ғана уақыттың ішінде төрт құрлықты түгел шарлап, қазірдің өзінде сандаған адамның өмірін жалмап кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында (8 сәуір, 2020 ж.): «Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады... Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр», деп жазғанындай, мына індеттің беті қатты, салдары да жеңіл болмайтын сияқты.
Бүкіл дүние жүзін дүрліктірген мына нәубет кімге де болсын оңай соқпайтынына, оның қиындықтарының өткен ғасырдағы 90-жылдардың ауыртпалықтарын жүз емес, мың есе орап алатынына қазірдің өзінде көз жетіп отыр. Әрлі-бергі тарихта жойқын деген соғыстың өзі адамзатқа мұндай кесапат әкелмеген шығар?!
Әлемді жайлаған жұқпалы дерттің Қазақстанды да орап өтпейтіні бесенеден белгілі еді. Мемлекет басшысы осыны ескеріп елімізде төтенше жағдай жариялады. Іле карантин режімі енгізіліп, өңір-өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осылай қаннен-қаперсіз өз елімізді былай қойғанда, бүкіл әлемді шарлап кеткен отандастарымыз әп-сәтте үрей құшағына беріліп, жаһандық сипат алған дертпен үйде отырып күресуге мәжбүр болды.
Үмітімізді үкілеп өскен халықпыз ғой, «Жә, сары уайымға салына бермейік. Бұл дерттің де емі табылар, беті қайтар. Күндердің күнінде қалыпты тіршілігімізге де көшерміз» дегім-ақ келеді. Бірақ «Тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы» деген бабалар сөзі де көңілімде сайрап тұр. Шыны сол, бұл – біздің ғана басымызға үйірілген нәубет емес, ғаламдық қасірет.
Әрине, мемлекет қазіргідей қиын кезеңде елдің болашағы, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, жұқпалы дерттің елге тигізетін зиянды әсерлерін мүмкіндігінше азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Егер Қазақстанның осыған дейін экономикада қол жеткізген толымды табыстары мен Ұлттық қоры болмаса, басқаларға алақан жайып, жетім баладай жаутаңдап қалуы ғажап емес еді. Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамыз, әзірше басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан сағымыз сынып, жігеріміз жаситындай халге түсе қойған жоқпыз. Бірақ алда бізді халқымыз бұрын-соңды бастан кешпеген қиындықтар күтіп тұрғаны ақиқат. Мемлекет басшысы өзінің мәлімдемесінде бұл жайды астарлап болса да жеткізді. «Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет», деді Қ.Тоқаев.
Пандемияның кесірінен жаһанда жұмыссыздар саны өсіп барады. Мәселен, сарапшылар АҚШ-та табысынан айырылған адамдар ұлы депрессия кезіндегі деңгейге жетуі мүмкін дейді. Карантин кезеңінде 26 миллион АҚШ азаматы табысынан айырылса, мұнда жұмыссыздар қатарына тағы 4,5 миллион адам қосылған.
Біздің елімізде де қазірдің өзінде құлдырап кеткен өндіріс көлемі індеттің беті қайтқаннан кейін тез арада өз арнасына түседі, қалыпты тіршілігіміз жалғасады десек, қателесеміз. Баршаға белгілі – тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған негізгі сала – экономиканың күретамыры саналатын шағын және орта бизнес. Төтенше жағдай кезінде көптеген жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелер жұмысын тоқтатқандықтан, қызметкерлер жұмыссыз қалды. Енді осыған дейін өз ісін дөңгелетіп, талайлардың нәпақасын табуына, бала-шағаларын тарықтырмауына көмектесіп келген кәсіп иелерінің өздері де тығырыққа тіреліп, тұйықтан шығудың жолын таба алмай алмай дал болып отыр.
Осындай дағдарыстың аяғы неге әкеліп соқтыруы мүмкін? Оған жауап беру үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Біздің елімізде де көптеген адам кәсібінен, жұмысынан айырылады, табыссыз қалады. Сөз жоқ, бюджеттің бүйірі ортаяды. Демек, күндердің күнінде осы бюджетке қарап отырғандар еңбекақысын немесе зейнетақысын уақытында ала алмай түрлі қиындықтарға тап болулары мүмкін. Осылай, еліміз қиындықтармен бетпе-бет қалып отыр. Сонда не істейміз? Алдымен, әр адам қалыптасқан жағдайдың аса күрделі екенін, өзінің отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына жауапты екенін сезініп, қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Үкімет көмектеседі, 42 500 теңге бар мәселемізді шешеді деп, масылдық пиғылдан арылмасақ, көп нәрседен ұтыламыз, жағдайымызды бұрынғыдан да қиындата түсеміз.
Бүгінгі таңда билік басындағылардың басты міндеті – ең алдымен экономикадағы жағдайды неғұрлым қысқа мерзімде тұрақтандыру. Ал қалғанымыз шамамыз келгенше мемлекетті нақты ісімізбен қолдауымыз керек.
Бұрынырақта да жазған едім, мен қалада тұрып жатсам да, ауылмен байланысымды үзген адам емеспін. Жылдың төрт мезгілінде де ауылға шығып тұрамын. Сонда байқайтыным, ауылда табыс көзін молайтудың мүмкіндіктері ұшан-теңіз. Түгін тартсаң, майы шығатын қаншама жер пайдаланылмай жатыр. Кейбіреулер көкөністі былай қойғанда, «екінші нан» саналатын картоп өсіруді де ұмытқан. Жасыратыны жоқ, ауылда тұрып жатқандардың көпшілігі мал өсірумен айналысады. Ал соның өнімін ұқсатып, құрт-май жеп, қымыз ішіп, рақатын көріп отырғандар шамалы. Ауылда бір қора мал ұстайтын кейбіреулердің сиырларын суалтып жіберіп, сүтті дүкеннен сатып алатынына не дерсің?! Мал баққан ағайынның аузынан ақ-май ағып отыруы керек қой. Жоқ, әлі де қара шайға қарап қалғандар, қара нанмен өзек жалғап отырғандар аз емес.
Баяғы самарқаулық, шаруаға икемсіздік, желкеге мінген жалқаулық. Екі қолға бір күрек ұстамай, бардың қадіріне жете алмай, «жібекті жүн» қылу. Ауылға барсаң, алдыңды қара мысықша кес-кестейтін өзекті мәселелер осылар. Жоғары жаққа қарап ауыз аша беру, «анау неге жоқ?, «мынау неге жоқ?» деген сияқты сансыз сауалдар халықтың ми қатпарларына мықтап сіңіп алған. Тәуелсіздік алғанымызға, елімізде меншіктің сан алуан түрі қалыптасқанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де, сол кеселден әлі арыла алмай келеміз. Ұлы Абай: «Есектің артын жусаң да мал тап», демеп пе еді?! Бүгінгілер мұны неге ескермейді?
Қазір «алма піс, аузыма түс» деп аспанға түкіріп жататын уақыт емес. Керісінше ел басына төнген қара бұлтты еңбекпен, бірлікпен, жұмыла көтерумен сейілтетін сындарлы сәт туды. Олай болса, әркім жағдайдың қиындығын түсініп, осы бастан қам жасауы, өзіне ғана сеніп, өзгеге масыл болмаудың жайын ойлауы керек. Қазіргідей құбылмалы заманда үкіметке алақан жая беруге болмайды. Оның да мүмкіндігі шексіз емес. Ұлттық қор да сарқылуы мүмкін. Індетке байланысты жұмысын тоқтатқан көптеген кәсіпорын қайта ашылып, ісін дөңгелетіп әкетсе игі. Оған уақыт керек. Жасыратыны жоқ, бізде қай сала болсын шетелге тәуелді. Дәл қазір олардың да жағдайы оңып жатқан жоқ. Коронавирус індетінен туындайтын қиындықтардан бұл елдер де сескеніп отыр. Ғаламдастыру заманында ел мен елдің арасындағы қарым-қатынастың, алыс-берістің үзілуі бүкіл әлем мемлекеттерін тұйыққа тіреп отыр десек, қателеспейміз.
Қазіргі жағдайда есті тез жиып, уақыттың талабына сай қарекет жасамасаң, ұтыласың. «Арбам сынды деп көштен қалма, басым ауырды деп істен қалма» деген бабаларымыз, осындай қысылтаяң сәтте арқамызды кеңге салып, қолда бар мүмкіндіктерді уысымыздан шығарып алмайық. Өмірдің мәні, Отанға қызмет етудің үлгісі жан аямай еңбек ету екенін түсінейік. «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей, ортақ мақсатқа жету үшін не нәрсеге болсын, төзімділік танытып, ерік-жігерімізді жанып, бел шешіп, тізе бүкпей еңбек етейік. Бізде басқа таңдау жоқ.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
қоғам қайраткері